Жойылуға тиіс медициналық құралдардың бірнеше мәрте қайта қолданылғаны анықталды
Бұл туралы істің мән-жайын тексерген арнайы комиссия мәлімдеді. Естеріңізде болса, аталған медициналық орталықта пайдаланылған медициналық аспаптар қоймасы табылғанын айтқан едік.
Қазір бұл мәселені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы да тексеріп жатыр. Мекеме жұмысына қатысты, алып қашпа әңгімелер көбейген. Мән-жайды білуге, Денсаулық сақтау вице -министрі, Ләззат Ақтаева арнайы келді.
11 қарашада Павлодардың кардиологиялық орталығынан бір рет қолдануға арналған медициналық бұйымдар қоймасы табылды. Оның не мақсатта жиналып жатқанын мекеме басшылығы айта алмапты. Комиссия мүшелерінің күдігін тудырған да осы жағдай. Ал кардиорталықтың аға медбикесі бұл аспаптардың операция жасауға бірнеше мәрте қолданылатынын жайып салған. Қоймада жалпы құны 106 млн теңгенің түрлі медициналық бұйымдары болған.
Томирис Тұяқбаева, эпидемиолог-дәрігер:
- Кардиорталықтың қызметкерлері мұның қандай нысан екенін білмейді. Үш жыл бойы есігі ашылмаған. Бірақ біз медициналық мақсаттағы аспаптардың зарарсыздандырылғанын анықтадық. Соңғы күн ретінде 2019 жылдың қазан айы қойылыпты.
Кардиологиялық орталықты тексеруге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жолданған бұрынғы қызметкердің хаты да себеп болып отыр. Оның өз сөзін айғақтайтын әуесқой бейнетүсірілімі бар. Онда бұрын қолданылған катетер, инелер мен операцияға қажетті бұйымдардың жуылып жатқанын көруге болады.
Бейне түсірілімнің авторы түрін көрсетуге келіспеді. Айтуынша, басшылықтың тапсырмасын орындауға әу бастан қарсы болған.
Облыстық кардиологиялық орталықтың бұрынғы қызметкері:
- Біз мұның бәрін түсінеміз. Бірақ басшылық мәжбүрлеп отырды. «Егер жумасаңдар жұмыстан қуыласыңдар», – деп қысқа қайыратын. Әрине, бізге жұмыс қымбат. Сондықтан көнуге тура келді.
Тексеру барысында анықталған олқылықтарды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков арнайы баспасөз мәслихатында жария етті. Онда бір реттік медициналық аспаптарды қайтадан қолдану 2018 жылдың мамыр айынан 2019 жылдың қаңтар айына дейін жалғасқаны анықталған. Осы кезеңде клиникада гепатиттің В, С және А түріне шалдыққан 128 науқас емделген екен. Бұл – жұқпалы кесел. Сондықтан жүрегіне ем іздеп келген адамдар ауруханада ауру қосып қайтпасына кім кепіл?
Ардақ Күзеков, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Өкінішке қарай біз кардиологиялық орталық басшысының түсініксіз әрекеттері салдарынан мониторингке кірісе алмадық. Жағдайды қалпына келтіріп, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүдделіміз. Дүржанов мырза қазір бала күтіміне орай демалысқа шығып кетті. Жұмыс әрі қарай жанданады деп ойлаймын.
Осы орайда өңірге Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева арнайы келді. Ол кардиологиялық орталықтың ұжымына әшкере болған заңсыздықтарды шұғыл түрде жоюды тапсырды.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қамтамасыз етілуі керек. Егер оларға жол берілсе, шұғыл түрде жойылуы тиіс. Егер бұйымдар бір рет қолданылуға арналған болса, оны көп рет қолдануға болмайды. Медицина үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы – негізгі талаптардың бірі. Бірақ бұл оқиғаның шын мәнінде болған-болмағаны дәлелденуі қажет.
Басталған істі аяғына дейін жеткізу құқық қорғау органдарының құзырында. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі кардиологиялық орталықтағы келеңсіздіктерді растап отыр. Емдеу мекемесіне жүргізілген тексеру нәтижесімен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау ұйымы да танысу үстінде.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий