Сенатта мәслихаттардың қатысуымен парламенттік тыңдаулар өтеді
Ширек ғасыр бұрын жергілікті өкілетті органның жасақталуы мемлекеттік құрылымдағы өзгерістердің бастамасы еді. Бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар халық пен билік арасын жалғап, өңірдің дамуына бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды. Мәслихаттың мерейтойына орай елордада жер-жерден келген мәслихат депутаттары бас қосты, 25 жылдық жұмыстарына шолу жасады.
Мәслихат депутаты – бұл өз аймағының көзі, құлағы һәм тілі. Халық қалаулыларының құзырындағы шаруаны осыдан бағамдай беріңіз. Өңірді дамыту жоспарын дайындау, әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті бекіту де солардың құзырына кіреді. Сосын қазына қаржысының қалай игеріліп жатқаны жайлы сала басшыларынан есеп талап етуге құқылы.
Жамал Құлахметова, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:
- Облыстық депутат ретінде 20-дан аса сауалнама жіберіп, мәдениет ошақтарын қалпына келтіру, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу сынды мәселелер қолға алынуда. Одан кейінгі мәселе – Балқаш көлінің инфрақұрылымы. Қазір Балқаш көлінің инфрақұрылымының жобалау сметасына ақша бөлінді.
Гүлмира Қанағатқызы, Курчатов қалалық мәслихатының хатшысы:
- Біздің Курчатов қаласының жанында Дегелең станциясы орналасқан. Жанында Молдары деген ауыл бар. Мәслихат депутаттары осы шақырылымда екі мекенжайды сумен қамту мәселесін шешті.
Келер жылдан бастап Сенатта мәслихат депутаттары мен Үкімет өкілдерінің қатысуымен парламенттік тыңдаулар өткізілуі мүмкін. Мұндағы басты мақсат – мәслихаттардың мәртебесін көтере түсу. Өйткені біздің елде жергілікті басқарудың аса маңызды сатысы саналады.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Менің аймақтарға іссапарларым, депутаттармен қарым-қатынас барысы республикалық бюджет, заңнамалық жұмыстар бойынша сіздерде үлкен потенциал бар екенін көрсетті. Республикалық деңгейде шешім қабылдаған кезде де аймақтардың, ең алдымен мәслихат депутаттарының ұстанымдары мен пікірлеріне көбірек назар аудару қажет деп ойлаймын.
Келер жылы аймақтарға бөлінетін ақшаның көлемі артқалы отыр. Сондықтан мәслихатпен көбірек санасудың тағы бір тиімді тұсы қазына қаржысына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мәслихат депутаттары әкімдіктермен бірге өз өңірінің, елді мекенінің бюджет қаражатын тиімді бөлу үшін жауапты. 2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыны игеру облыстық және қалалық мәслихаттарға, тексеру комиссияларына барынша жоғары талап қояды.
Қазір елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3 300-ден астам депутат бар. Оларға қойылатын басты талап – халықпен жұмыс істеуде атүстілік пен салғырттықтан арылу.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы жылдың 9 айында прокуратура органдары әкімдіктер мен мәслихаттар қабылдаған заңдарға сай келмеуіне байланысты 608 құқықтық актіні жойды және өзгертті. Бұл цифрлар нормасы шығармашылық қызметке тартылған мамандардың біліктілік деңгейінің төмен екендігін көрсетеді.
Сондықтан мәслихаттарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Өйткені өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдарда да мәслихат депутаттарының пікірі көбірек ескерілмек.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Сұлтан Қалдыбеков