Халыққа құқықтық кеңес беретін «Antikor ortalygy» ашылды
Мұнда облыс тұрғындары кез келген мәселе бойынша білікті мамандардан тегін құқықтық көмек ала алады. Нысанның ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты.
Жаңа орталыққа келген жұртты робот қарсы алып, көрсетілетін қызмет түрлерін қысқаша таныстырып өтті. «Бұл жер келешекте азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланыс орнататын пікірталас алаңына айналуы тиіс», – дейді мамандар. Мұнда тұрғындар кез келген мәселе бойынша құнды кеңес ала алады.
Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Қазіргі күні мемлекеттік қызмет түрлерінің шамамен 80% электронды жүйеге көшті. Дегенмен қалған 12% әлі де қағаз күйінде қалып отыр. Келесі жылы бұл жұмыстың барлығын толықтай сандық жүйеге ауыстырамыз деген жоспарымыз бар. Осылайша қызмет көрсетудің сапасын халықаралық стандарт деңгейіне шығарамыз.
Сервистік орталықтың бірінші қабатында күту залы, кеңес беретін мамандардың бөлмелері орналасқан. Ал екінші қабатта баспасөз орталығы мен «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының кеңсесі жұмыс істейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жоғарыға көтеретін арнайы лифт қойылған. Қысқасы қажетті көмек алу үшін халыққа барлық жағдай жасалып отыр.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Біз осы орталық арқылы тұрғандарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Қызмет көрсетудің бұл жаңа әрі ашық түрі келешекте өңірімізде сыбайлас жемқорлық қылмысын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз.
Орталықтың ашылу салтанатынан кейін Алик Шпекбаев азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады. Айта кету керек, бұл – осымен елімізде ашылған төртінші орталық.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев