Көпбалалы жанұяларға отбасының табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Парламент Мәжілісіндегі үкімет сағатында мәлімдеді. Біржан Нұрымбетовтің айутынша, жаңа жылдан бастап жаңа жәрдемақыны 340 мың отбасы алады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Көпбалалы отбасылар мен халықтың аз қамтылған бөлігі үшін өте маңызды тақырып. Мәжіліс депутаттары бірер ай бұрын тиісті заң жобасын қабылдаған болатын. Онда атаулы көмек 1 айдан соң, яғни 1 қаңтардан бастап 4 балаға 42 496 теңге жәрдемақы беріледі. Бала санына қарай көлемі де көбейе береді. Мәселен, 7 балаға 74 мың теңгеден астам төленеді.
Енді АӘК әр тоқсан сайын тағайындалатын болады. Шекті өлшемі отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа күнкөріс деңгейінің 70% кем болуы керек.
Айта кетейік, көмек алатын азамат еңбекке қабілетті бола тұра жұмыс істеуден бас тартса, мемлекет көмегінен айрылады. Отбасының материалдық жағдайын бір апта көлемінде учаскелік комиссия мүшелері тексеретін болады. Бұдан бөлек «кепілдендірілген әлеуметтік көмек» ұғымы да енгізіліп отыр. Табысы аз отбасыларының 6 жасқа дейінгі балаларын ыстық тамақ, гигиена құралдарымен қамтуға арнайы қаржы бөлінеді. Депутаттар халыққа түсінікті болу үшін нақты кімге, қандай мөлшерде, қалай берілетінін тәптіштеп түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.