Ақтауда 300 ерікті бірнеше жобаны жүзеге асырды
Бірақ ақтаулық ерікті жастар биылдан бастап игі жобаларды қолға алып, көптің кәдесіне жаратқан. Әсіресе «Көмекші ұстаз», «Көмекші дәрігер» мен «Қыз жолы» атты бастамалары халықтың алғысына бөленді. Еріктілер жалғызбасты зейнеткерлердің үйінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, көпбалалы отбасыдан шыққан оқушылардың сабақ үлгерімін арттыруға қол ұшын созып жүр. Қажетінше қариялардың үйін жинап, апта сайын азық-түлікпен де қамтып келеді.
Римма Никитченко хал-жағдайын сұрап, үйін жинауға келген жастарды құшақ жая қарсы алды. Жалғызбасты қария екі бөлмелі пәтерін әлі күнге дейін өзі тазалайды. Тек еден жууға денсаулығы жарамайды. Мұны білетін еріктілер шаңсорғышты қосып, іске кірісті. Жиһаздарды сүртіп, әп-сәтте баспана ішін жарқыратып шығарды.
Римма Никитченко, зейнеткер:
- Көп рахмет! Осы балаларым үйіме келіп тұрады. «Ауыр нәрсе көтермеңіз, еденді өзіміз жуамыз», – деп маған ұрсып та кетеді. Қызым теңін тауып, Алматыға кетті. Есік алдына жиі шыға алмаймын. 5-ші қабаттан түсу қиын. Қазір қолым ұзарды. Студент ұл-қыздарым апта сайын мені іздеп келіп, үй шаруасын атқарып жүр. Ғұмыры ұзақ болсын!
Өнер Кульчагаев, Еріктілер корпусының үйлестірушісі:
- 2017 жылдан бері «Жүрегі толы мейірім» жобасы аясында облысымыздағы жалғызбасты ата-әжелеріміздің үйін жинастырып береміз. Батасын аламыз және Халықаралық қарттар күні сыйлық беріп, бір қуантамыз. Аздаған азық-түлік, киім-кешектерді жинап, жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетеміз.
Еріктілер корпусы құрылғалы екі жылдан асты. Бүгінге дейін 300-ге тарта студент мүшелікке қабылданған. Олар сабақтан бос кезде Жастар орталығында бас қосады. Тегін тренинг-дәрістерге қатысып, көшбасшылық қабілетін ұштайды. Барлығы корпус жетекшісі көтерген игі бастамаларға белсене қатысып жүр.
Мұқаш Бекенұлы, еріктілер корпусының жетекшісі:
- Бүгінде біз 81 жалғызбасты азаматқа көмек көрсетіп келеміз. Балалар аптасына екі рет барып, үй жинайды. Осы уақытқа дейін 162 отбасыға әлеуметтік көмек берілді. Сонымен бірге азық-түлік пен киім-кешек үлестірдік.
Бастамашыл жастар «Көмекші ұстаз» және «Көмекші дәрігер» жобаларын өткен наурыздан бері жүзеге асырып келеді. Халықты әлеуметтік қорғау мекемесінен ақпарат алынып, тізім жасалған. Сол бойынша еріктілер мекенжай аралап, қажет көмек түрін көрсетеді. Сондай-ақ тұрмыста зорлық көргендерге арналған орталық тұрғындарына қаржы жинап, жәрдемдесіп жүр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев