Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының нәтижесі қандай?
Алғашқы Жолдаудан бері 3 айдан астам уақыт өтті. Нәтижесі қандай? Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, «Еститін мемлекет құру» идеясына сауалнамаға қатысушылардың 10% астамы мүлдем сенбейді екен. Ал сұралғандардың үштен бірі бұл тұжырымдаманы тіпті түсінбеген де болып шықты.
Біздегі халық пен жергілікті билік арасындағы алшақтықты айту қажет. Есеп бермек түгілі, өз әкімінің түр-түсін танымайтындар да бар. Бұл жерде қандай да бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуы туралы айту да артығырақ шығар. Халық пен билік арасын жақындастыру Президенттің Жолдауында айтылған негізгі месседжердің бірі болатын. Биыл павлодарлықтар әкімдердің жұмысын бағалауға мүмкіндік алды. Түрлі деңгейдегі 111 әкімнің жұмысын бағалауға 6 800 респондент қатысқан. 3 қала әкімі, 10 аудан және 98 ауыл әкімінің жұмысына қанағаттанбағандар бар.
Зарема Шәукенова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
- Осы сауалнамаға қатысқан Павлодар облысының тұрғындары ауыл әкімдерінің 18% жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Бұл – шамамен 20 шақты шенеунік деген сөз. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Тұрғындардың 30% астамы қала немесе ауыл әкімінің қызметін тиімсіз деп санаса, бұл мәселені Президент әкімшілігі комиссия құрып зерттеп, арнайы ұсыныс жасауы қажет», – деген болатын. Бұл сауалнама қазан айында жүргізілді. Әзірге пилоттық жоба. Нәтижесі Президент әкімшілігіне жіберілді. Егер нақты тиімділігін көрсетсе, басқа аймақтарда да жүргізетін боламыз.
Әуелі экономика, сосын саясат. Бұл – бұзылмайтын қағидат. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының алғашқы нәтижелері туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтып берді. Экономикада өсім бар. Министр ауылдағы ағайынға жағар жаңалық айтты. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қайта жаңғырту үшін 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды. Ол үшін алдағы 7 жыл ішінде 900 млрд теңге бөлінетін болады.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бұл ауылдарда 7 млн адам немесе ауыл тұрғындарының 85% өмір сүреді. Бұл шаралар ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді: жолдар, мектептер, ауруханалар, спорт алаңдары, жарықтандыру, инженерлік желілер, абаттандыру. Яғни 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасына оң әсер беретін болады. Биыл бұл бағдарламаның алғашқы нәтижелері шықты. 53 ауыл қайта жаңғырылды, 30 млрд теңге сомасында 452 іс-шара іске асырылды.
Алматы облысы, Еңбек ауылы. Мынау ауылдағы жалғыз мектеп. Елді мекендегі 85 баланың алтын ұясы. Мектепте бар-жоғы төрт-ақ бөлме. Кей пәндер дәлізде оқытылады. Мұнда мәдени әрі спорттық шаралар өтпейді, себебі орын жоқ. Енді еңбектегілер сол 900 млрд теңгенің тиімділігін көріп, жаңа мектеп салынады деген үмітпен жүр. Мектептің жаны – ұстаз. Президент айтқан мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсартуға 5,3 трлн теңге бөлінбек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Мәжілісте екі оқылымда қаралып, Сенатқа жіберілді. Биылғы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бұл заң қаржымен қамтамасыз етілуі керек. Тек қана бір заңды іске асыруға ешқашан болмаған қаржы 5,3 трлн теңге бөлініп отыр.
Коррупция деген кесел бар. Биыл осы сыбайлас жемқорлықтан ел экономикасына 23 млрд теңге шығын келген. Коррупциялық әрекеттердің 75% мемлекеттік қызметкерлердің қолымен жасалған. 28 қараша күні Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші басшылардың жауапкершілігін заңмен тұңғыш рет белгілеп берді. Енді қол астындағы қызметкері жемқорлық дауына іліккен жағдайда бірінші басшы қызметтен кетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы түсіндіріп өткендей, басшының жұмыстан кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Ал екінші шарт – қылмыс басшының сол лауазымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы қажет.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
- Үш ай деген жеткілікті уақыт. Яғни осы мерзімде «Министрлікте не болып жатыр? Кім немен айналысады?» деген сұрақтарды толық біліп алуға болады. Ал егер бір нәрсеге күмәнданса, ішкі аудиттің қызметін пайдаланып, қылмыстық іске өзі құжат беруге болады. Бұл – жетілген мәселе. Мен бұл процестің жалғасын күтемін. Енді квазисектор басшыларын да осындай жауапкершілікке тарту қажет. Ол жерде топ-менеджерлер мен есепшілер де жемқорлықпен айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық мемлекет құруға, өз Жолдауында халыққа бейбіт шеруге шығуға рұқсат беруді тапсырды. Бұл заңды Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері қазір түзеп, кем-кетігін талқылап жатыр. Осы айда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысы өтеді. Президент қолдаса, заң келер жылдың бірінші тоқсанында қабылдануы мүмкін.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауын жариялағанына тура 3 ай және бір апта. Әдетте мұндай стратегиялық құжаттың алғашқы нәтижелерін шығаруға сарапшылар асығыстық танытпайтын. Бірақ бұл жолы жиналды, айтты, себебі айтатын, айтылуы тиіс нәрселер бар. Экономикалық, саяси әрі әлеуметтік өзгерістерді айтты. Ал ең бастысы саясаттанушылар: «Қоғамның өзі өзгерді», – деп отыр.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Қоғамның өзі өзгерді. Қоғамның ішінде болған өзгерістерді билік түсініп отыр, біліп отыр.
Жолдаудың жүзеге асырылу қарқыны жаман емес. Сарапшылар осындай баға берді. Ал шын мәнінде Қазақстанда халық үніне құлақ асатын мемлекет құра аламыз ба? Оны ешқандай сарапшының сөзінсіз, тек уақыт көрсетеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев