Жазушы Дидар Амантайдың 50 жылдық мерейтойы атап өтілді
Қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген қаламгер мерейтойын Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында оқырмандарымен, әдебиеттегі, өнердегі замандастарымен бірге атап өтті. 1996 жылы модернизм стилінде жазылған алғашқы туындысы «Post Scriptum» еді. Оны оқырман түгілі, қабырғалы қаламгерлер де қабылдай қоймаған еді. Алайда жаңаша бағытты әдебиеттің даму кезеңдерінің бірі екенін дәлелдеді.
Ол «Қастерле мені», «Гүлдер мен кітаптар», «Күзгі рандеву» шығармаларын оқырманға ұсынды. Шығармашылық өкілдерінің ойынша, табанды еңбек зая кеткен жоқ. Өйткені Дидар Амантайдың ізін басқан жаңа стильмен жазатын жас жазушылардың легі қалыптасты. Бүгінде қаламгердің 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Әрі көптеген туындысы әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Шығармашылық кеште Дидар Амантайдың туындыларына негізделген қойылымдар көрермен назарына ұсынылды.
Дидар Амантай, жазушы:
- Уақыт тығыз заманда сөз де қысқа болу керек. Өйткені бәрімізге белгілі модернизм –классиканың ықшамдалған түрі. Сөз нақты, әрекет анық, сөйлем ықшам болу керек. Бұл – модернизмнің принциптері. Оқырман қабылдады. Мен жастардың жазуына, жазу мәнеріне әсер еткенімді мақтаныш тұтамын.
Досқан Жолжақсынов, актер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- Дидар мына дәстүрлі әдебиет пен жаңа әдебиеттің арасындағы алтын көпір іспеттес. Оның дүниелерін оқыған сайын сол көпірдің құндылығын, дүниетанымның жаңа бағытын байқайсың. Бұл – екінің бірінің ғұмырына, маңдайына жазыла бермейтін, келе бермейтін дүние.