Бірқатар елдің дипломаттары Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын табыстады
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Аустралия елшісі Грейм Михан, Кипр елшісі Андреас Зинонос, Конго елшісі Давид Мадука, Мьянма елшісі Ко Ко Шейн сенім грамоталарын тапсырды. Шетелдік дипломаттарды Қазақстан Президенті қызметтеріне ресми кірісуімен құттықтап, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ олардың Мемлекет басшылары мен Үкіметтеріне өзінің сәлемін жолдады.
Ко Ко Шейн, Мьянманың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Мьянма арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1999 жылы орнаған. Осы елдің Сыртқы істер министрі 2012 жылы бізге арнайы сапармен келді. Содан бері екіжақты саяси, экономикалық және әлеуметтік байланыстарымыз нығайып келеді.
Давид Мадука, Конго Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсырып отырған Конго мемлекетінің алғашқы елшісімін. Бұл – екі елдің байланысын дамытуға бағытталған игі қадам. Алдағы уақытта Конго Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сондықтан екі ел әріптестігінің болашағы зор.
Грейм Михан, Аустралияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсыру – үлкен құрмет. Аустралияны сіздердің елмен достық байланыс біріктіреді. Экономикалық қарым-қатынасы ауыл шаруашылығы және тау-кен салаларында дамыған. Енді мәдениет пен білім беру ісінде өзара тиімді байланыс орнатуға қолайлы мүмкіндік туып отыр.
Андреас Зинонос, Кипр Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Кипр мемлекетінің Қазақстандағы елшісі қызметіне тағайындалып отырмын. Біздің тарап өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Еуроодақ пен халықаралық қауымдастықта сіздердің бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз.