Келер жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25% артады
Енді бірде-бір жеке меншік оқу орны бұрынғыдай жалған дипломға мөр басып тарата алмайды. Мұны Үкіметтің өзі қатаң қадағалайтын болды. Жалпы алдағы кезеңде мемлекеттік органдар жастарға қолдау көрсету үшін бірқатар міндетке баса назар аударуы қажет. Оларды Мемлекет басшысы Жастар жылының жабылу салтанатында тізіп, министрлер кабинетіне нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында Жастар жылындағы жұмыстарға есеп беріліп, Еріктілер жылының еншісіндегі шаруаларға шолу жасалды. Президент: «Еріктілер жылы баршаға, әсіресе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді. «Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның еріктілікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет. Бұл істе біз белсенді жастарымызға зор сенім артамыз», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.