Қазақстан мен АҚШ жаңа келісімге келді
Екі мемлекет алдағы уақытта қандай жобаларды бірлесіп жүзеге асырады?
Бұл сапардың жөні бөлек, жосығы ерек болды. Асқар Мамин алдымен дүниежүзілік экономикалық форумның кеңсесіне барды. Шараның басқарушы директоры Ричард Саманспен кездесті. Тараптар инновациялық технологияларды дамыту мәселелерін талқылады. Келіссөз нәтижесінде АХҚО мен «Төртінші өнеркәсіптік революция» орталығы стратегиялық әріптестік орнатты. Олар заттар интернетін бірлесе дамытатын болып келісті. Келесі жылы америкалықтар біздің елде өз бөлімшелерін ашып, заманауи технологияларды және инновациялық жобаларды әзірлеумен айналысады. Мұндай бөлімшелер қазір АҚШ-та, Жапонияда, Қытайда және Үндістанда бар.
Бұдан бөлек Асқар Мамин бірнеше іскерлік келіссөз өткізді. Басқосуда Қазақстанда инновациялық экожүйені дамыту, венчурлық қаржыландыруды ілгерілету және стартап-жобаларды көптеп әзірлеу мәселелері қарастырылды. Қазақстан Премьер-Министрі әлемге әйгілі венчурлық қордың басшысы Кристин Чаймен де кездесті. Екі ел бірлесіп, Қазақстанда тақырыптық венчурлық қор құруға мүдделі.
Тим Чае, «500 Startups» компаниясының бас серіктесі:
- «500 Startups» компаниясының бас кеңсесі осы Сан-Франциско қаласында орналасқан. Біз ІТ-жобаларды қаржыландырумен айналысамыз. Тоғыз жылда әлемнің көптеген мемлекетінде жүзеге асып жатқан жобаларға қаржы құйдық. Шамамен 2600 компанияға қолдау көрсеттік. Осыған дейін Орталық Азия аймағында орналасқан мемлекеттермен жұмыс істеп көрмедік. Сондықтан бұл бізге мол тәжірибе болғалы тұр. Біз мобильді қосымша немесе компьтерлік бағдарламалар әзірлейтін талантты жастарды іздестіріп жүрміз.
Жандос Шаймарданов, «QazTech Ventures» АҚ басқарма басшысы:
- Біз үш бірдей құжатқа қол қойдық. Оның екеуі қазақстандық ұлттық даму институтын «500 Startups» жаһандық қорына қосуға қатысты болды. Осы арқылы біз Қазақстанда жүзеге асып жатқан стартап-жобаларға қосымша инвестиция тарта аламыз. Олар да біздің елдегі инновациялық экожүйені дамытуға мүдделі болып отыр. Біз әлемнің алпауыт компаниясымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы өз өнімдерімізді жаһандық нарыққа шығара аламыз.
«Астана ХАБ» базасында «Plug and Play» компаниясының бөлімшесін ашу көзделген. Олар мұнай-газ саласына жасанды интеллект енгізумен айналысады. Асқар Мамин осы жұмыс сапары аясында «Tesla» зауытына да барды.
Авторы: Дастан Сейілханұлы