Алматыдағы Зерделі ықшамауданында көпқабатты үй қисайды
Бұл – соңғы төрт жылдағы жұрттың зәресін алып отырған төртінші нысан. №179 үйдің тұрғындары: «9 қабатты үйді шұғыл тексеру керек», – деп дабыл қағып отыр.
Зерделі ықшамауданында орналасқан бұл үйлер 2013 жылы «Жас отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген. Осы уақытқа дейін бір емес, бірнеше рет тұрғындардың зәресін алған 9 қабатты үйлердің тағы біреуі қисайды.
№179 үйдің тұрғыны:
- Біз бірер күн бұрын үйге кіретін кезде байқадық. Сосын мына баспалдақтың да жарылғанын көрдік. Ал біздің үйдің сыртқы есігі ашылып кете беретін. Қазір аша алмаймын да, күштеп ашамын. Үйдің барлық есігі сол жаққа қарай ашылып кетеді.
№179 үйдің тұрғыны:
- Сағат сайын артқа қарай жылжып кетіп жатыр ма, түсінбедім?! Өзімнің 5 балам бар, солар үшін қорқамын.
№179 үйдің сырты ғана емес, қабырғасының қисая бастағаны пәтер ішінен де байқалады. Есіктері жабылмайды немесе өздігінен ашылып кетеді. Көпшілігінің қабырғаларына сызат түскен. Кешелі бері құзырлы орындарға хабарласып, дабыл қаққан тұрғындар қала әкімшілігінің қызметкерлерімен түстен кейін ғана жолыға алды.
Мұхит Әзербаев, қала әкімінің орынбасары:
- Жалпы қарасаң бір шамалы қисайғаны көрінеді. Бірақ оның барлығын лабораториялық сараптама жасап қана білетін боламыз. Енді жұмысқа кірісеміз. 2-3 күннен кейін тұрғындармен кездесіп, қандай шешім қабылданатынын нақты айтып бере аламыз. Егер де динамика болса, әрине, онда күтпей-ақ бір шешім қабылдаймыз.
Зерделі ықшамауданындағы бұл үйде 72 пәтер бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған жас отбасылардың алды бүгінде көпбалалы жанұя екен. Тұрғындардың мәліметі бойынша қазір бұл үйде 200 ден аса кәмелеттік жасқа толмаған балалар бар. «Сақтансаң, сақтайды» дейді. «Құзырлы орындар апаттың алдын алуы тиіс», – деп алаңдап отыр тұрғындар.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов