Павлодарда Олжас Сүлейменов атындағы жастар шығармашылық орталығы ашылды
Дарынды жастарды біріктіріп, тың бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған ерекше орталықтың ашылуында мәртебелі мейман Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін айтты.
Олжас Сүлейменовпен кездесу – Ертіс өңірінің дарынды жастары үшін зор мәртебе. Есімі әлемге танылған ұлт мақтанышына еліктейтін жастар өте көп. ПМПУ 3-курс студенті Айдос Хамитов мектеп қабырғасында жүріп шығармашылықпен айналыса бастаған. Талай өнер бәйгелерінде топ жарған жас өнерпаз – 30-ға жуық әннің авторы. Ол Олжас Сүлейменов атындағы стипендияға ие болды.
Айдос Хамитов, 3-курс студенті:
- Өте қатты қуаныштымын. Осындай шәкіртақыға ең бірінші болып тіркеді. Сондықтан да бұл үлкен жетістік деп ойлаймын.
Болашақ ұстаздар биік мақсаттарға бастайтын көптеген жобаны қолға алған. Кеше ғана Жастар жылы қорытындыланып, 2020 Еріктілер жылы деп жарияланды. «Бұл қолға алған бастамаларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – дейді жастар.
Хафиз Ғабит, Жастар саясаты департаментінің директоры:
- Еріктілер жылына орай біздің университетімізде бұған дейін жұмыс істеп келген студенттік ұйымдар бар. Алдағы уақытта олардың жұмысы міндетті түрде күшейетін болады және де еріктілер саны да өседі деген өзіміздің үмітіміз, жоспарымыз бар.
Ұлыларын ұлықтаған ел азбас. Павлодар мемлекеттік университеті орталық ашумен қатар Олжас Сүлейменовтің құрметіне деректі фильм түсіріпті. Бұл – «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғалары» сериясының жалғасы. Алғашқы 50 деректі фильмнің тұсаукесері маусым-шілде айларында қалың жұртшылыққа таныстырылған болатын.
Олжас Сүлейменов, ақын, қоғам қайраткері:
- Бұл өте тамаша жоба дер едім. Сіздер өздеріңіздің жерлестеріңіз, тарихи тұлғаларды Павлодар облысына ғана емес, жалпы Қазақстан халқына таныстырудасыздар. Өйткені олар туралы өте аз жазылған. Біз оларды жеке танығанымызбен, осындай жалпылама көрсету бұрын қолға алынбай келген еді.
Ертіс-Баян өңірі – атақты адамдарға бай өлке. Олардың өмірінен сыр шертетін көркем туындыларды жасау келесі жылы да жалғасады. ЖОО ректоры Алтынбек Нұхұлы алғашқы фильмнің кімге арналатынын да атап өтті. Ол Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Кеңестер Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ерлігі жайында болмақ.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий