Елімізде тұңғыш рет «Әмен» анимациялық кинофестивалі өтті
Шараның басты мақсаты – қазақ анимациясының дамуына ықпал ету және жас буынға қолдау көрсету. Жалпы 50 жылдан аса тарихы бар қазақ анимациясының бүгінгі ахуалы қалай? Бұл сауалдың жауабын «Әмен» фестиваліне барып, аниматорлардан сұхбат алып қайтқан тілшіміз Мақпал Мадиярова тарқатады.
Тұңғыш рет өткен «Әмен» анимациялық кинофестивалі елдің барлық өңіріндегі аниматорларының басын қосты. Шараның құрметті қонақтары қатарында алғашқы қазақ мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысын түсірген шығармашылық топ өкілдері Галина Дусенко мен Эрнест Бейсейітов те болды. ÁMEN Animation Film Festival қоржынына 80-нен астам өтінім келіп түскен. Байқауға 51 жұмыс іріктеп алынған. Бұл жұмыстар 9 аталым бойынша сарапқа салынды.
Батырхан Дәуренбеков, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі:
- Іс-шараның Әмен атаның атымен аталғаны қуантады. Ол кісі бүкіл саналы өмірін балаларға арнаған. Анимациялық фестивальдардың көбірек бола бергені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені «Қазақстанның анимациясы жоқ» деген сөздер де бар. Негізі олай емес.
Рас, аниматорлар қазақ мультипликациясын қолдан келгенше жасап жатыр. Олардың бірқатары осы фестивальде үлкен экраннан көрсетілді. Мысалы, «Ит» анимациялық фильмі тастанды балалар мәселесін көтерген. Халықаралық байқауларда жүлделі орынды да иеленген. Демек, бізде ұшқыр ойлы, талантты мамандар бар. «Мемлекет қолдаса, «Disney» туындыларына жететін дүние жасаймыз», – дейді олар.
Қасиет Сақиолла, режиссер-аниматор:
- Жуықта шыққан «Коко» фильмі – 85 минуттық толықметражды анимациялық туынды. Жасалу мерзімі – 4 жыл. Бұл туындыға 250 млн АҚШ доллары жұмсалған. Бізде жобаның ең ұзақ уақыты – бір жыл. 2,5 жылдық жоба да болды. «Мұзбалақ» фильмі «Disney» фильмдерінің сапасына жақындап қалды. Уақыт болса, қаржы болса, біз сапалы дүниелер шығара аламыз.
Анимация – идеология. Анимация – ел ертеңін қолға алатын ұрпақ тәрбиелейтін мықты құрал. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Қазіргі анимациядағы өзекті мәселе – баланы қызықтыратын тақырып пен кейіпкер табу. Аниматорлар қиялындағы, қалауындағы тақырыпты таңдап, кейіпкер жасауға мүмкіндік аз екенін айтады. Өйткені қаржыны кім берсе, талапты сол қояды.
Қасиет Сақиолла, режиссер-аниматор:
- Абай атаның образын жасау барысында қалжыңдай алмадым. Оның қасына теке қосып қойдым. Сондай нәрседен кейін балаға қызық нәрсе шығара алмай жатқан шығармыз. Егер мемлекет қаржы бөлсе, керемет жобалар дайындауға болады
Түйіндей айтсақ, Әмен Қайдаров салған жол жалғасуда. Қазақ мультфильмі қал-қадірінше тіршілік етуде. Дегенмен, мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Өйткені бұл – шығыны көп, маңызы салмақты сала. Ал фестиваль ұлттық анимацияның болашақ бағдарын айқындауға үлес қосқан кәсіби алаң болғаны сөзсіз.
Авторлары: Мақпал Мадиярова, Қанат Әбілдин