Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды табыстады
Олардың арасында таяқ ұстаған малшы да, қалам ұстаған ұстаз да бар, сазгер мен саясаткер де сыйлықтан шет қалмады.
Елімізде ерен еңбек еленген күн. Толғауы тоқсан тірліктің сан түрлі саласында тер төгіп, қажыр-қайратын аямаған азаматтардың абыройы асқақ, мерейі үстем болған сәт. Әдетте тек мемлекеттік деңгейдегі тұлғалар мен саяси қызметкерлер отыратын Ақорда төріне бұл күні қарапайым еңбеккерлер жайғасты. Мыңғырған мал бағып, ала жаздай атыз жағалаған ағайын да сол құрметке бөленді.
Биыл ең жоғары ерекшелік белгісі «Қазақстанның еңбек ері» атағы Роза Рымбаеваға бұйырды. Ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өнерімен Қазақстанды ғана емес, шет мемлекеттерді тәнті еткен тұлға Президенттің қолынан мәртебелі марапат алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өнерде қайталанбас қолтаңбасы бар әншімізді бүкіл ел болып мақтан тұтамыз. Қазақ сахнасын ғана емес, шетел көрермендерін тәнті еткен өнер иесінің еңбегі жоғары марапатқа лайық деп санаймын.
«Қазақстанның еңбек ері» атағының тағы бір иегері – жезқазғандық Тұрсынбек Макишев. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндірістік кешенде 6-шы разрядты ұңғылаушы болып қызмет етеді. Өнеркәсіп саласының ыстығы мен суығына төзіп, тер төгіп келеді. Еске салайық, таяуда ғана мұндай атақ халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке де берілген болатын.
Тұрсынбек Мәкішев, шахтер:
- «Қазақстанның еңбек ері» деген үлкен жүк қой. Қорқыныш, үрей болды. Бірақ осындай дәрежеге жеткеніме қуаныштымын.
Ұлттық әдебиеттің көрнекті тұлғалары да арнайы ордендерге ие болды. «Бұл азаматтар қажырлы еңбектерімен тұтас қоғамға үлгі болды. Оларға қарап жас буын бой түзейді», – деді Мемлекет басшысы.
«Отан» ордені жазушы, композитор Илья Жақановқа берілді. Атыраулық өнер майталманымен бірге Түркістандағы «Алагеум электрик» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев пен Ақтөбедегі Дөң кен-байыту комбинатының директоры Виктор Тиль де осы марапатты иеленді. Ал Социалистік еңбек ері Бибігүл Төлегенова, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Әділ Ахметов, жазушы Төлен Әбдік, Парламент Мәжілісінің депутаты, қарымды қаламгер Сауытбек Әбдірахманов, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және көрнекті философ Ғарифолла Есім I және II дәрежелі «Барыс» ордендерін кеуделеріне тақты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлы Абайдың шығармаларын зерттеп, тіл, әдебиет, философия салаларын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. Бұдан бөлек II дәрежелі «Барыс» орденімен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахат Омашқызы Әзімбаева марапатталды. Біз педагог мәртебесін арттыруға ерекше мән беріп отырмыз.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы ғылым мен мәдениет саласының 36 өкіліне берілді. Белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев пен әлемге әйгілі өнерпаз Димаш Құдайберген солардың қатарында. Сондай-ақ «Парасат» және «Достық» ордендерінің бір топ иегерлері бар. Қарапайым мұғалім, механизатор, әскери қызметкер, дәрігер, тіпті шопан да мемлекеттік награда алды. Солардың бірі маңғыстаулық – Есет Өтесов.
Есет Өтесов, шаруа қожалығының бас шопаны /Маңғыстау облысы/:
- 20 шақты түйе, 20 жылқы, 700-дей қойым бар. Шақырғанда сенбедім. Ал бүгін қуанышымда шек жоқ.
Ақмолалық механизатор Марат Боранбаев та Мемлекет басшысының қолынан марапат алатынына алғашында сенбеген. Сондықтан болар, «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне қонған сәтте ерекше толқып сала берді. Президентке алғысын айтып, әке жолын жалғағанын мақтанышпен жеткізді.
Марат Боранбаев, серіктестік механизаторы /Ақмола облысы/:
-Құрметті, Президент мырза! Мен ауылда туып-өсіп, әке жолын диқаншы болып жалғыстырып жатырмын. Сізге зор денсаулық тілеймін! Қазақстан гүлдене берсін!
Биыл марапат иелеренің қатары көп. Ақорданың ресми сайтында толық тізімі жарияланды. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы орденнің және әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері де анықталды.
Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек ері, Қазақстанның халық артисі:
- Менің өнерімді жоғары бағалап, үлкен қамқорлық көрсетіп, осындай дәрежеге бағалап отырғаныңызға басымды иіп рахмет айтамын. Бұл тек қана маған берілген марапат емес, жалпы қазақ өнерінде жүрген қазіргі майталмандар, таланттарға берілген баға деп санаймын.
Президент марапаттау рәсімінде Тәуелсіздік күні басты мереке екенін айтты. «Егемендік құндылығын сақтау – бүгінгі ұрпақ парызы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал сол тәуелсіздік жолында қажырлы қайрат жұмсап, тынымсыз тер төккен Тұңғыш Президент – Елбасының еңбегін ерекше бағалауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұңғыш Президент – Елбасының баға жетпес білімі мен тәжірибесі халқымызға әлі де қажет болады және мемлекетіміздің одан әрі дамуы үшін қолданыла береді. Еліміздің негізін қалаушы теңдессіз мемлекет қайраткері әрі тарихи ауқымдағы тұлға ретінде оның еңбегін бағалау – біздің парыз.
Мемлекет басшысы жыл басынан бері қолға алынған ілкімді істер мен алдағы ауқымды жоспарларды тілге тиек етті. «Жастарға сапалы білім беру, баспанамен қамту, әлеуметтік әлсіз топ өкілдерін қолдау, жалпы ел әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жалғаса береді», – деді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы