Алтайдағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде 20 мыңнан астам жәдігер табылды
Тәуелсіздік мерекесіне орай осындай атаумен Өскеменде көлемді көрме өтіп жатыр. Оған соңғы 2 жылда өңірде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылды. Негізі Елеке сазы мен Берел қорғандарынан алтынмен апталған 20 мыңнан астам бұйым шыққан. Көрмеде сол жәдігерлердің кейбір түпнұсқалары да тұр. Ал Алтын адам киімінің көшірмесін археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілік нұсқауымен қолөнер шеберлері қайта тігіп шықты. Жалпы «Ұлы даланың алтыны» деген сақ жәдігерлерінің көшпелі көрмесі былтыр Мәскеуде көрсетілген. Енді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында үлкен көрме өткізбек. Ал жазда Ұлыбританияда көрсетілмек.
Наталья Косенкова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы:
- Бұл жәдігерлерді көрген кез келген адам таңғалады. Көне заманда өте жұқа алтыннан түрлі бейнелерді жасау техникасы өте жоғары деңгейде болғанын байқауға болады. Сондықтан бұл артефактілер әлемдік деңгейде бағаланады.