Тәуелсіздіктің 28-інші жылы саяси инновация жылы болды
Тәуелсіздіктің 28-інші жылында Қазақстан және оның халқы екінші Президентін сайлады. Демек, бұл – тұтас ел үшін тәуелсіздік толқынындағы тағы бір тарихи сәт деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына 9 айдың жүзі болды. Мемлекеттік масштабтағы кез келген өзгеріс оңайға соқпайды. Дегенмен, отандық саясаттанушылардың дені ел ішіндегі өзгерістерді әзірден жақсылыққа балап отыр. Соның бірі – азаматтық қоғамдағы қозғалыс.
Тәуелсіздіктің 28-інші жылы Қазақстан және оның халқы үшін ерек жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейін өзі баға бергендей саяси инновация жылы болды. Әсіресе соңғы кездері қоғамның жиі талқысына түсетін билік транзитіне нүкте қойылды. Бұл процестің орайлы сәтте оңтайлы іске асқанын отандық әрі шетелдік саясаттанушылар да «Тәуелсіздіктің жаңа толқынында Қазақстан бағындырған тағы бір белес» деп баға беріп отыр.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Көрші Қырғызстанды, Арменияны алайық, Грузия мен Украинаны алайық. Ол жақтағы саяси транзит бізден бұрын күрделі, қысылтаяң кезде басталған. Оларда қазір де саяси транзит аяқталып біткен жоқ. Әлі жүріп жатыр, әлі нәтижесі жоқ. Бір жыл ішінде талай әріптестерімізді Қазақстанға шақырдым. Өзіміз бірнеше елде болып келдік, осындай Қазақстанда болып жатқан үдерістерге қызығушылық мол. Бұлардың барлығы: «Қазақтар, сіздер осы үдерісті қантөгіске, қақтығысқа, экономикалық құлдырауға апармай шешетін болсаңыздар, онда сіздерге жастардың тілімен айтқанда, «үлкен респект», – деп айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жолдауының өзегі – халық үніне құлақ асатын мемлекет. Билік пен халық қазір біте-қайнасып кетпесе де, жақындасты. Оны әлеуметтік желіден-ақ аңғаруға болады. Енді атқарушы биліктің жұмысын қарапайым халық бағалайтын болады. Алғашқы жоба Павлодарда жүзеге асқан. 111 әкімнің 20-сының жұмысына халықтың көңілі толмайды екен.
Зарема Шаукенова, Қазақстан Республикаы Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:
- Халық жергілікті билік өкілдерінің қандай да бір мифтік қасиеттерін бағаламайды. Жол бар ма? Су келіп тұр ма? Жазылған арызға дер кезінде жауап берді ме? Міне осындай қарапайым, бірақ кезек күттірмейтін мәселелерден бағалау балы туындайды. Мұндай әдіс әкімдердің жұмысын бағалауда өте тиімді құралға айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан тағы бір мәселе – азаматтардың құқығын қорғау. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырды. Бас прокуратура заңды Мәжілісте таныстырды.
Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры орынбасары:
- Зорлау орташа қылмыстан ауыр қылмыс түріне көшеді. Бұл жерде татуласу болмайды. Ал балаларға қарсы осындай қылмыс жасағандар үшін жаза тіпті қатал болмақ. Аса ауыр қылмыстар тобына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр.
Осы шілдеде Мемлекет басшысының өкімімен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Аружан Саин Қазақстанда балалар құқығының жиі бұзылатынын айтады. Статистика мәліметтерінше, соңғы 5 жылда 5 мыңға жуық бала зорлық-зомбылық көрген. Сәуір айында Президент қол қойған Бала құқықтарын қорғау туралы заң бойынша жүздеген қазақстандық баланың қорғанына айналмақ.
Аружан Саин, Қазақтан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Бұл заң 6 кодекс пен 6 заңға өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ол заң аясында өгей әке мен өгей шешенің жауапкершілігі анықталды. Сондай-ақ ол заңда кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалған қандай да бір қылмыстар туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған мұғалімдер мен дәрігерлер бойынша әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.
Экономистер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрмысы төмен жарты млн қазақстандықтың қарызын кешіру акциясын «теңдессіз» деп бағалады. Әрине, нарықтық экономика тұрғысынан алғанда, Президенттің бұл шешімі дау да тудырды, бірақ ол әлеуметтік шиеленісті жібітті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй қолжетімділігін арттыру үшін жылына 2% ипотекалық несиелеу бағдарламасына қатысушылар тізімін ұлғайтуға уәде берді. 2019 жылы 4 мың аз қамтылған отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қоныс тойын тойлаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, бұл жеткіліксіз. Қазір тоқмейілситін уақыт емес. Баспана мәселесін түбегейлі өзгерту керек. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады. Баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеті. Сондықтан жақын арада қосымша шаралар қабылданады. Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасының тәжірибесін кезектегі барлық адамға тарату мәселесін қарастырып жатыр.
Президент халықтың мұң-мұқтажына жауап беру мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін үнемі айтады. Мемлекет басшысы: «Егер бейбіт акциялар заңды болса және халықтың тыныштығын бұзбаса, оған заң бойынша рұқсат беріп, жағдай жасауымыз қажет», – деген болатын. Бұл заңды Мемлекет басшысының өз бастамасымен құрылған Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері талқылап жатыр. Келер жылы қолданысқа енуі де мүмкін.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
- Бұл өзгерісті біз ұзақ күттік. Қарапайым ғана бір мысал: Парламент жанынан Заңнама және сараптама институты құрылды. Сырттай қарағанда маңызды болмауы мүмкін, бірақ бұл үлкен реформа дер едім. Саяси баланс сақталады. Бізде атқарушы билік ауқымды. Әрбір министрліктің өз институттары, консалтингтік фирмалары бар. Ал біздің Парламент шағын. Небәрі 154 депутат бар. Сондықтан бұл сапалы заң шығаруға үлкен көмек береді.
Сонымен Тәуелсіздіктің 28-інші жылында Қазақстан және оның халқы реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Саясаттанушылар мен сарапшылар да Қазақстанда Тәуелсіздіктің жаңа толқыны басталғанын айтады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Владимир Бовкис