БҚО халқының 96% көгілдір отынға қол жеткізді
Казталов ауданындағы Талдыпан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа, Серік ауылының тұрғындары от жағып, күл шығарудан құтылды. Осылайша Жайық жұртшылығының 96% көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл республикалық орта көрсеткіштен екі есе жоғары. Шалғай елді мекендерге газ жетуі тұрғындардың жайлы тұрмыс іздеп, қалаға жаппай қоныс аударуын азайтпақ әрі кәсіпкерлікті дамытуға да септігі тиері сөзсіз.
Әсемгүл Машекенова, Талдыапан ауылының тұрғыны:
- Арман болған көгілдір отын келіп жатыр. Халықтың қуанышында шек жоқ. Бұрын қаладағы тума-туыстарға, солардың өміріне қызығатын едік. Себебі су, газ бар, түрлі жеңілдіктер болатын. Енді біз де біртіндеп сондай жағдайға жетіп жатырмыз. Ауылымыз жақсарып, гүлденіп келе жатыр.
Рүстем Закарин, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Биыл облыста 16 елді мекенге газ тарту жұмыстары жүрді. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. 9 ауылға көгілдір отын жыл соңына дейін берілсе, Теректі ауданына қарасты қалған 7 ауылға газ құбырының құрылысы кестеге сай келесі жылы аяқталады. Таяу жылдары өңір халқы толықтай көгілдір отынның қызығын көретін болады.