«Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне тура 100 жыл толды
«Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне бүгін тұп-тура 100 жыл. Ең алғаш «Ұшқын» деген атаумен оқырмандарға жол тартқан басылым кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Социалистік Қазақстан» болып қайта түледі. Ал тәуелсіздік алған тұста газет атауы «Егемен Қазақстан» деп өзгертілді. Осы 100 жылда елдің аға басылымы елдік саясаттың жаршысына, ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Соңғы 4 жылда газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Тұрақты оқырмандарының саны 30 мыңға жетті. Газеттің арнайы сайты да техникалық-дизайндық тұрғыдан қайта жаңғыртылып, мультимедиялық мүмкіндіктері кеңейді.
Дархан Қыдырәлі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ президенті:
- «Egemen Qazaqstan» – елдіктің газеті, Елбасымыз «бас басылым» деп баға берген газет. Қазақтың атын қайтаруға шексіз үлес қосқан, елдікті еңселі етуге еселі еңбек еткен, сонымен қатар егемендікті сүйіншілеген газет. Сондықтан бүгінгі мереке тек «Egemen Qazaqstan»-ның ғана емес, қазақ баспасөзінің де мерейлі межесі деп есептейміз.