Қазақстан «Бәйтерек» зымыран кешенін құруға 233 млн доллар бөледі
Қазақстан-Ресей Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» зымыран кешенін құру туралы хаттамаға былтыр Мәскеуде қол қойылған болатын. Ережеге сәйкес біздің тарап тасымалдағыш зымырандардың бөліктері құлайтын ауданды белгілеуі тиіс. Телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қаржыландыру да Қазақстанның міндеті. Хаттамада сондай ақ «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің объектілерін жалдаудан шығару және оны біздің тарапқа беру көрсетілген. Құжат негізінде экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары орта класты тасымалдағыш зымырандарды пайдалану көзделген. Екі жақ жұмсайтын қаржы көлемі де белгілі. Қазақстан 233 млн доллар, Ресей 900млн доллар қаражат құяды. Жоба 2023 жылы аяқталуы тиіс. Қазақстан ол уақытқа дейін зымыран кешенінде жұмыс істейтін 500 маманды даярлап үлгеруі тиіс.
Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- «Бәйтерек» зымыран кешенін құру Қазақстан үшін тиімді. Зымыран кешенінде жұмыс істейтін 500 маман даярланады. Құрылысқа 1 мың азамат тартылды. Бұл – еліміз үшін ірі әрі тұңғыш жоба.