Қайырымдылық шарасы мерекелік концертке ұласты
«Хабар» арнасы мен «Қазақконцерт» ұжымы бірлесіп, «Жаңажылдық кездесу-2» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Елге танымал өнерпаздар балалар үйінің тәрбиеленушілері мен кембағал жеткіншектерге арнап тосынсый әзірледі. Балаларға базарлық ретінде бағалы сыйлықтарды тарту етті. Осылайша қайырымдылық шарасы мерекелік концертке ұласты.
«Қазақконцерт» тотыдай түрленді. Кіреберістегі шырша қызылды-жасылды ойыншықтарға көмкерілген. Түрлі-түсті жарықтар мен әсем әуен мерекелік көңіл-күйді еселеп тұрды. Міне, елорда жұрты Жаңа жыл мерекесін тойлауды осылай бастап кетті. «Хабар» арнасы «Қазақконцерт» басшылығымен бірлесіп, мерекелік әрі қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
- Мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаларға, жағдайы жоқ көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, жетімдер үйі мен қарттар үйінің тұрғындарына осы концертке тегін билет берілді және осы жоба аясында «Қазақконцерт» пен «Хабар» бірігіп, 250 бүлдіршінге жаңажылдық сыйлық сыйлады.
Игі шараға есімі елге таныс өнерпаздар келді. Балалармен кездесіп, суретке түсті. Бүлдіршіндер бұрын-соңды теледидардан көріп жүрген әншілерімен бетпе-бет кездесіп, қатты қуанды. Тосынсый қоржыны мұнымен біткен жоқ. Қайырымыдылық шарасы аясында кембағал, ата-анасынан айырылған балалар сахналық көріністерді тамашалауға мүмкіндік алды. Сыйлықтан да құр қалмады.
Жанболат пен Жазира, жұлдызды жұп:
- Біз де, балалар да қуанышты. Осындай әлеуметтік жағдайы төмен адамдар бар. Концертке келіп, қуанып кетсе, сол кісілерден ләззат аламыз.
- Осы «Хабар» арнасына, «Қазақконцерт» ұжымының басшылығына алғыс айтамын. Осындай денсаулығында ақауы бар балалармен кездестіріп, бізді де сауапты іске шақырып жатыр.
Аяз ата мен ақшақар мерекелік көңіл күйді қыздыра түсті. Балалармен асыр салып билеп, көңілдерін көтерді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасы бүлдіршіндері, тіпті қарттар үйінің қариялары да жадырап, жасарып қалды. Сондықтан бұл мейрам ізгілік пен мейірімнің, қайырымдылық пен шаттықтың белгісі іспеттес.
«Хабар» арнасының тартуы мұнымен шектелмейді. Жаңа жыл қарсаңында еліміздің басты арнасы көрермендерді қызықты бағдарламалармен қуантпақ. Мұнда қойылған концертті де алдағы уақытта тамашалай аласыздар. Айта кету керек, игі істің өткізілуіне «Хабар» арнасы мен «Қазақконцерт» ұйымы ұйытқы болды.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Серік Қоңырбаев