Жамбыл облысында 10 патрульдік автокөлік ереже бұзғандарды бірден анықтайды
Өңірде биылдың өзінде жол апатынан қаза болғандар саны 28% дейін өскен. Жүргізілген талдауға сәйкес, аймақ жолдарындағы әрбір үшінші жол апаты жылдамдықты шамадан асыру салдарынан болатындығы анықталған. Қайғылы деректерді азайтып, алдын алу мақсатында облыста автоматтандырылған мобильді кешен іске қосылды.
Міне, үстіне мынадай қондырғылар орнатылған 10 патрульдік автокөлік енді күндіз-түні жұмыс істейді. Жол қозғалысын бақылап, ереже бұзғандарды бірден анықтайды. Мобилді кешен Түркістан облысының шекарасынан бастап, Қордай ауданы мен Мойынқұм аудандары аралығындағы жол бойына қойылады.
Арман Оразалиев, Полиция департаментінің бастығы:
- Мобилді кешен облыс аумағындағы жол көлік оқиғасының көп болатын аумақтарында қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан бастап, бір ай көлемінде тесттік режимінде жұмыс істейтін болады.
Заманауи аппарат 160 млн теңгеге сатып алынды. Жаңа кешен негізінен жылдамдықты шамадан асырғандарды тіркейді. Сонымен қатар ұрланған немесе іздеудегі көлік, айыппұл төлеуден жалтарған борышкерлерді анықтауға да мүмкіндік береді.
Ғалым Жұмаханұлы, патрульдік полиция батальонының инспекторы:
- Біз тұрған жерден 30-35 метр арасында автокөліктердің мемлекеттік белгісін анық түрде түсіреді. Келеміз, қоямыз, болды. Өзі автоматты түрде жұмыс істей береді. Біз тек экранға қарап отырамыз. Сигнал берілген жағдайда сол автокөліктің артынан еріп тоқтатамыз.
Жалпы облыс жолдарында жыл басынан бері 169 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам жарақат алды. Дені жылдамдықты асырудың кесірінен болған.
Жанна Мамашева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бұл трасса 2015 жылы пайдалануға берілген. Сол кезден бастап жол-көлік оқиғаларының саны кеміген жоқ. Өйткені көлік иелерінің ішінде ешқандай жауапкершілік жоқ. Бұл енді бара-бара тәртібімізге ықпал етеді деп ойлаймын.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Жылдамдықты шамадан тыс асырып түскен жағдайда барлық дерек автоматты түрде арнайы орталыққа түседі. Сонымен қатар дәл осы бейнедеректер Бас прокуратураның бірыңғай базасына да тіркеледі. Ал бұл операцияның барлығы полиция қызметкерлерінің ешбір араласуынсыз жүзеге асырылады. Яғни осы арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу да көзделіп отыр. Жалпы біз бұл деректі сіздерді айыппұлдан сақтандыру үшін айтып отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, жолда сақ болайық!
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә