Қасым-Жомарт Тоқаев С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетіне барды
Жоғары математика, химия, биология пәндері бойынша біздің жастардың білетіні аз. Сондықтан қазақстандық ЖОО алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – сапалы, бәсекеге қабілетті білім беру. Бұл ретте елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті үлкен жұмыстарды қолға алды. Университет басшылары: «Енді 5 жылдан соң білімі мен білігі үйлескен мамандарды даярлап шығамыз», – деп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев университетке арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті алапат. Бірақ соны дұрыс игере алмай отырмыз. Басты себеп: ғылымға бетбұрыс жоқ. Екіншіден, кадр мәселесі. С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті – Орталық және Солтүстік Қазақстанның ең ірі аграрлық ЖОО. Университет тарихын 5-ке бөлуге болады. 2012 жылдан бастап университет ғылымға иек арта бастады. Оқу орнының ендігі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи зерттеу университетіне көшу.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
- Ғылыми зерттеу университеті боламыз. Оған арнайы бағдарлама дайындадық. Бізге бұл тұрғыда Үкіметтің көмегі керек. Сол статусты иеленуіміз қажет. Университетте сабақ берілмейді, тек ғылыммен айналысатын замануи әлемдік модельге ауысамыз. Біздің міндетіміз: білім беру ордасы ғана емес, білімді тарату ордасына айналу. 5 жылдан соң Н. Назарбаев үлгісі бойынша аграрлық салада дамыған университет болуды көздеп отырмыз.
Президентке университеттің жұмысы таныстырылды. Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысына молекулярлық биология мен гендік инженерияның әдістерін пайдалана отырып шығарылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын көрсетті. 5 жыл ішінде жоғары оқу орнының ғалымдары бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді сұрыптарын шығарды.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бұл – технологиялар. Ең бастысы механизаторларды оқытып, кадр дайындау керек. Ол үшін әр ауданда білім тарату орталығы бар.
Университетте 3D сканер арқылы кез келген қиындықтағы сызбаны жасауға болады. Ал бұл модульді құрылғы өндірісті қаз-қалпында көрсетіп береді. Студенттер соған қарап автоматтандыру үдерісін үйренеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер өте маңызды жұмыспен айналысып жатырсыздар. Әсіресе дамыған елдерде робот техникасы, цифрландыру және жасанды интеллект – қазіргі заман талабы. Сондықтан бізге артта қалып қоюға мүлде болмайды. Жақсы оқысаңыздар, сіздер де міндетті түрде келешекте өз орындарыңызды табасыздар. Өйткені бізге жеке секторда да, мемлекеттік секторда да білікті мамандар қажет.
Мемлекет басшысы жерді пайдалану процесін бақылауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жасаудың және жерді қашықтықтан зондтаудың әдістерімен танысты. Аталған әдістер Ақтөбе және Ақмола облыстарында қолданылуда. Президент мұндай тәжірибені өзге өңірлерде де пайдалану қажет деп санайды. Себебі игерілмей жатқан жер жетеді. Ғарыштан мониторинг жасау фермерлерге үлкен көмек болып отыр.
Фараби Ермеков, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің деканы:
- 2015 жылдан бері ғарыштық деректерді өңдей отырып қай жерін пайдаланып жатқанын анықтау әдістерін жасап шықтық. Шетелде әдістемесі бар. Соны табиғи ерекшеліктерге бейімдеп, жұмыстарымен ғарыштық деректер арқылы көрсетіп отырдық. Жерді пайдалану немесе пайдаланбау, егістік егу және оны жинау науқанын қарап отырмыз. Мониторинг жасап отырмыз. 100% анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын әрі қарай жүргізу қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің әлемдегі жетекші ғылым және білім беру орталықтарымен байланыстары туралы баяндалды. Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Францияның AgroParisTech университетімен бірлесе әзірленген қосдипломдық білім беру жүйесіне көшуге мүмкіндік беретін жол картасы әзірленіп жатыр. Бұйырса енді бес жылдан соң қос дипломы бар қазақтың студенттері отандық агрокешенді дамытуға үлес қосатын болады.
Студенттер кездесуді мүлт жіберген жоқ. Президентке 2020 жылдың қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25% арттыру жөніндегі тапсырмасы үшін алғыс айтты.
Ғылым мен білім. Осы екеуі қосарлана жүргенде ғана жетістік болады. Мемлекет басшысы студенттерге сенім артатынын жеткізді. Себебі Қазақстанның ауылшаруашылық нарығы білікті мамандарға аса зәру.