Биыл ШҚО-да 11 балықшы қайтыс болды
Олар – мұз толық қатпай жатып, ау құрып, қармақ салғандар. Сондықтан өңірдегі төтенше жағдай қызметкерлері балықшыларға сақтанудың жолдарын көрсетті. Құтқарушылар Жаңа жыл мерекесіне орай Аяз ата мен Ақшақарша киініп, оқу-жаттығу, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әуесқой балықшылар үшін биыл аймақта арнайы 70 орын белгіленген. Қазір кей өзен-көлдерде мұздың қалыңдығы 20 см-ге жетпейді. Құтқарушылар балықшыларға абай болуды ескертеді.
Владимир Субботин, ТЖД жедел құтқару отрядының бас құтқарушысы:
- Күн суытқаннан бері су қоймаларының көбі қатып қалды. Бірақ бәрінде мұздың қалыңдығы бірдей емес. Біреуінде қалың. Енді бірінде өте жұқа келеді. Кейде мұз өте жұқа болғандықтан қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Сондықтан біз жаңа жыл қарсаңында балықшылардың назарын ерекше аудару үшін Аяз ата мен Ақшақар кейпіне еніп сақтандыру шараларын жүргізіп жатырмыз. Қыста балық аулауға құмар жандар үшін өте абай болуын және ішімдік ішпеуін ерекше ескертеміз.