«Каникулы OFF-LINE 2» комедиясы прокатқа шығады
Осы аптада көрермен көңілінен шыққан «Каникулы OFF-LINE» комедиясының 2-бөлімі үлкен экранға жол тартады. Картина көрерменді жазғы этноауылдағы қызықты оқиғаларымен баурап алады. Бұл жолы фильмге жаңа кейіпкерлер де қосылған.
Көрермендердің сүйікті кейіпкерлері экранға қайта оралды. Балалардың «AulCamp» командасында жаңа бейнелер көп. Фильм күлдіре отырып, терең ойға жетелейді. Жас актерлердің тамаша ойыны да көптің көңілінен шығып отыр.
«Каникулы OFF-LINE 2»-нің кастингі бірінші бөлімнің прокаты аяқтала салысымен басталған. «Киноға түссем» деген жасөспірімдердің саны көп болыпты. Бірақ шығармашылық топ 16 жасты таңдаған.
Мағжан Хамит, актер:
- Өзіме қиын болғаны – сценарий жаттау.
Мейірғат Амангелдин, актер:
- Қалай шыққаны өзімізге де қызық болып тұр. Әлі көрген жоқпыз.
Түсіру жұмыстары Алматы облысының Қарақастек ауылында және Нұр-Сұлтан қаласында өткен. Аңызға айналған «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерімен миллиондаған бала өсті. «Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалар киносы көлеңкеде қалып келеді», – дейді продюсерлер.
Руслан Акун, продюсер:
- Неге біздің балалардың оқиғалары кинода көрініс таппауы керек? Біз комедия жанрын ұстана отырып, тұрмысымыздағы құндылықтарды насихаттайтын кино түсіргіміз келеді.
Ана тілімізге деген махаббат, дәстүрге деген құрмет. Гаджеттерді мейлінше азайту. Қандастар кездесетін қиындықтар, әке мен баланың қарым-қатынасы. Кішкентай кейіпкерлер арқылы үлкен әлеуметтік мәселелер қозғалады. «Каникулы OFF-LINE 2» ертеңнен бастап прокатқа шығады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Гүлбану Жұмабай