Нұр-Сұлтан қаласынан білікті дәрігерлер арнайы санитарлық авиациямен ұшып шықты
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті. Апаттан зардап шеккендерге көмек болсын деп қала тұрғындары мен қонақтары өз еріктерімен келіп қан тапсырды. Таң атқалы қан орталықтарының алдына 1000-нан аса адам жиналды.
Алматыдағы №4 клиникалық ауруханаға ұшақ апатынан зардап шеккен 19 жолаушы жеткізілді. Өкінішке қарай, олардың екеуі ауруханада көз жұмды.
Айман Байзолданова, №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Таңғы сағат 8:00-ден бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11-і реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқас мерт болды. Қалған 6 адамға операция жасалып, қазір бөлімшелерге жеткізілді. Көбі полижарақат алған, өйткені тек бір жарақан қана анықталған жоқ. Ми шайқалған, қол-аяқтары сынған. Науқастар сондай өте ауыр жағдайда жеткізілді.
Ал қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына таңғы сағат 9:00-ден кейін жедел жәрдеммен 12 жолаушы жеткізілген. Олардың біреуі жансақтау бөлімінде жатса, енді біріне операция жасалуда. Қалғандарының халі орташа.
Оңласын Ибекенов, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Негізгі жарақаттар: аяқ-қол сүйектерінің сынуы, буындарының соғылуы, бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы. Барлық науқасқа және туыстарына психологиялық көмек көрсетілді. Көбі 20-30 аралығындағы жас адамдар: оның ішінде 5 әйел адам, 7 ер адам.
Айта кетейік, еліміздің денсаулық сақтау министрі ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын өзі жеке назарға алғанын хабарлады. Министрліктің ақпаратына сәйкес ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті.
Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов