Зардап шеккендерге халық жұмыла көмектесіп жатыр
Қазақстандықтар қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ауруханада жатқандарға шама-шарқынша көмек қолын созып жатыр.
Ұшақтың радардан жоғалғандығы жайлы ең алғаш ақпаратты сағат таңғы 9:00 шамасында Алматы халықаралық әуежайы өзінің Facebook парақшасында жариялады. Кейін араға бір сағат салып әуе лайнерінің апатқа ұшырағандығы жарияланды.
Құтқарушылар, жедел жәрдем қызметкерлері – барлығы аяқтарына тік тұрып, апат болған жерде құтқару жұмыстарына кірісті. Әлеуметтік желіде осы мамандар мен зардап шеккендерге ыстық тамақ дайындап, халықтың жұмыла асарлатып жатқан видеосы да тарады.
Апат болғанынан хабар тарай бастаған сәттен спортшылар мен танымал саясаткерлер көңіл айту хаттарын да жолдай бастады. Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейтіндігі жайлы Twitter желісіндегі парақшасына жариялады. Соңынан ілесе аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов те қаза болғандардың қайғыларына ортақтасты. Жақындарына қолдау білдірген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әуежайда Кризистік орталық ашылғандығын және де Төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл әрекет ету штабы құрылғандығын мәлімдеді.
Тағы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та өзінің Twitter желісіндегі парақшасында жолаушылардың туыстары мен жақындарына көңіл айтатындығын жазды.
Жедел штаб Талдықорғанда да құрылды. Оның құрамында өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Желілік телефон құрылған. Ол телефондарға 234 қоңырау келіп түскен. Қоңыраулардың көбі ұшаққа отырған адамдардың туған-туыстарынан.
Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңісінің мүшесі Арман Шораев болса сағат 11:00-де халықты бірігуге шақырып, қан тапсыруларын сұрады.
Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желіде жұртшылықтың ұзын-сонар кезек құрып, қан қорын толтырғандығы айтылды.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин сағат 13:00-де халыққа алғысын білдіріп, шараның аяқталғандығын жазды. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі де растады.
Алматы мен Алматы облысының барлық медициналық ұйымы көмек көрсетуге дайын. Барлығы да қажетті дәрі-дәрмекпен және қан компоненттерімен толық жарақтандырылған. Халыққа шұғыл түрде қан тапсырудың қажеттілігі жоқ.
Ал апатқа ұшыраған «Fokker 100» ұшағы тиесілі Bek Air компаниясы болса, бұл туралы өзінің ресми парақшасында түскі 12:00-де былай деп жазады: «Құрметті қазақстандықтар! Bek Air әуе компаниясының атынан апатқа байланысты көңіл айтамыз. Қазір біз оқиға орнында жұмыс істеп жатқан қызметтерден ресми ақпарат күтіп отырмыз. Сол себепті белгісіз біреулерден келген хабарламаларға назар аудармауларыңызды сұраймыз. Өйткені олар алаяқтық сипатта болуы мүмкін. Өтінеміз, ресми ақпаратты күтіңіздер».
Тағы әлеуметтік желіде ұшақ ішінде отырып, аман қалған жолаушылар да жаратқанға тәубе айтып жатқан жазблалар да болды.
Аслан Назаралиев, ұшақта болған жолаушы:
- Оң жақта апаттық шығу терезесі ашық болды. Біз сол арқылы ұшақтың қанатына шыға бастадық. Тайғанақ болғандықтан, барлығы құлай бастады. Өзім де тіземді ауыртып алдым. Кейін бір-біріміз барлығына көмектестік. Қараңғы болғандықтан, телефонның жарығымен жүріп зардап шеккендерге борттан шығара бастадық.
Ал бір жолаушының рейсіне ұйықтап қалғандығы жайлы мәлімет интернетте лезде тарады. Белгілі саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram желісіндегі каналында ұйықтап қалған жолаушы жеке компанияның сату жөніндегі директоры Асхат Өтепов екендігін жазды.
Асхат Өтепов, жеке компанияның сату жөніндегі директоры:
- Мен 22:30-да Bek Air әуе компаниясының ұшағымен Алматыға келіп, мейманханаға тоқтадым. Онлайн тіркеліп, таңертең 5:00-де тұрып, бір сағатта әуежайға жетіп, 7:05-те осы рейспен ұшып кетуім керек болған. Таңертең әуе компаниясының өкілдері телефон шалып, оятқан, сағат шырылдаған. Естімей, қатты ұйықтап қалыппын. Екі жылдан бері бірінші рет рейске ұйықтап қалдым. Шынымды айтсам, түске дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Бүгін жұма намазға бардым. Екі күннен бері намаз үйрене бастаған едім. Таңертең осының барлығын қорыта келе «барлығы Алла Тағаланың қалауымен болады» дегенге көз жеткіздім.
Ал жалпы бұл рейске 95 билет сатылған. Ұшақ бортына 93 адамның көтерілгені белгілі болды. Бір адам кешігіп, ұйықтап қалса, екіншісі отбасылық жағдайына байланысты ұшудан бас тартқан.
Авторы: Риат Шони