Қостанайдағы шұғыл штабқа тәулік ішінде 18 қоңырау шалынды
Шымкент және Орал қалаларында жастар жиналып, бас алаңға гүл шоқтарын қойды. Ал Қостанайда арнайы штаб құрылған.
Қапияда ажал құшқан бауырларды еске алуды парыз санаған оралдық жастар ертемен орталық алаңға жиналды. Бір минуттық үнсіздік жариялап, Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алды. «Біреуге ана, біреуге әке болған талай адамды арамыздан жұлып кеткені арқамызға аяздай батады» – дейді жастар.
Құралай Ақболатова, студент:
- БҚО жастарының атынан осы Қазақстанда болған оқиғаға қайғырып көңіл айтқымыз келеді және де ауыр халге ұшырағандарға жазылып кетсін деп тілек айтамыз.
Шымкенттік жастар да «Абай» саябағындағы алауға арнайы барып, отандастарымыздың қазасына орай қаралы жиын өткізді. Қайғысы зілбатпан ауыр қаза бар қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Осындай қайғылы жағдайды мұнан бұрын да басынан өткерген өңір халқы қаза тапқандар мен жарақат алған жандардың отбасыларына көмек беруге де әзір.
Сәкен Мәжімбеков, М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры:
- Өзіміздің университетіміздің және жастарымыздың атынан осы қайғыға ортақтасамыз. Қайғыны бөліссең, жеңілдейді деген бар. Қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Ұшақ апатынан соң Қостанай облыстық ТЖД-да шұғыл штаб құрылды. Өкінішке орай осы қайғылы оқиғадан өңірдің Жанкелдин ауданындағы үлкен бір әулет қара жамылды. Қызбел ауылының тумасы Абай Нұрбеков осы ұшаққа төрт баласымен, әйелімен бірге отырған. Апат кезінде отағасы қаза тапты. Балалары мен жұбайы ауыр жараланып ауруханаға жеткізілген. Орны толмас қасыретке душар болған марқұмның ағайын-бауырларының тез арада Алматыға жетуіне штаб мамандары барынша көмек-қолдау көрсетті.
Жалпыұлттық аза тұту күніне орай елімізде бұған дейін жоспарланған мәдени шаралар кейінге шегерілді. Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында спектакльдер болмайды. Жаңажылдық шыршалар да тоқтатылған. Билеттері бірнеше күн бұрын сатылып кеткен Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармония ұжымының концерті де кейінге қалдырылды.
Бекбол Базарбаев, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония директоры:
- Кешегі ұшақтың апатына байланысты бүкіл ел болып қайғырып жатырмыз. Әншілеріміз бірге қайғырып, ортақтасып, концертті болдырмай, ауыстыруда. Халық шын көңілмен түсінді. Бәрі бірге қайғыға ортақ екенін білдіріп, концертті ауыстырғанымызға қарсы болған жоқ. Концерт 28-29 күндері болу керек еді.
Қайғылы қазаға орай елімізде өтіп жатқан жаңажылдық ертеңгіліктер де тоқтатылды. Мәдениет ошақтарының есіктері тарс жабық. Мемлеттік туымыз төмен түсірілді. Қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған апатта қаза болғандарды еске алып, халық аза тұтуда.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйбек Даутов