Таразда тозығы жеткен газ тарату желілері жаңартылуда
Нәтижесінде желінің газ өткізу мүмкіндігі артып, жеке сектордағы тұрғын үйлер мен өндіріс ошақтарын көгілдір отынмен қамту аясы кеңіді.
Таразда газ тарату желісінің 66% тозған. Оны мамандар арнайы зерделеу кезінде анықтады. Салдарынан көгілдір отынның қысымы азайып, қала шетіндегі тұрғын үйлер мен өндіріс орындарына газ жеткізу қиындаған болатын. 6-7 жыл көлемінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бұл мәселе шешімін тапты.
Қайрат Мәдиев, «Жамбыл гипс» АҚ вице-президенті:
- Газдың қысымы, мөлшері жетпеуші еді. Қазір бәрі орынды. Барлығы жақсы. Соның арқасында өндірістің көлемі екі есе артып, біраз адамға жұмыс беріп, заманауи талаптарға сай қызмет жасап жатырмыз.
Бұл жұмыстар инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде 115 мың тұтынушы қайта қосылып, жаңа жүйеден газ ала бастады.
Зият Тұрсынұлы, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Жаңғырту бағдарламасы 2012 жылдан бері екі кезеңде жүзеге асырылды. Жоба қаладағы газ желісінің жұмысын түбегейлі өзгертті. Қазір газ тұтыну аумағы жылдан-жылға өсіп келеді.
Жалпы инвест бағдарлама аясында ескі құбырлар 90% жаңғыртылды. Газбен жабдықтау жүйесінің көгілдір отынды өткізу мүмкіндігі 1,5 есеге дейін артты.
Сәкен Исмаилов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры:
- Қысқы кездерде халыққа газ жеткізу үшін өндіріс орындарына шектеу қоятынбыз. Қазіргі таңда шектеусіз газ беріліп отыр. Әлі де алдағы уақытта олар өндіріс аумағын кеңейтеміз, газ аламыз дейтін болса, оған біздің мүмкіндігіміз бар.
Жаңғырту жұмыстары кезінде заманауи технология қолданылды. Болат құбырлар пластик материалдарға ауыстырылды. Газ реттегіш қондырғылар мен электронды есептегіш құралдары орнатылды. Бұл газ шығынын жойып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан