1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы тағы 6 айға ұлғайды
Жаңашылдық қатарында әйелдердің зейнетке шығу жасы, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жасау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылуы, көлікті мас күйінде тізгіндегендерге қатаң жаза қолдану да бар.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы тағы 6 айға ұлғайды. Яғни, 59,5 жастан басталады. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімет таратқан болатын. Ал ерлер бұрынғыша 63 жастан бастап шығады. Жыл сайын 6 айға ұзаратынын ескерсек, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылы ерлермен теңестіріледі.
Келесі жаңашылдық шағын және орта кәсіпкерлікке байланысты. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың алдағы 3 жыл бойы оларды тексеруіне мораторий жарияланды. Халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке тікелей қатер төндіретін жағдайларда ол талап қолданылмайды.
Айта кетейік, қазір еліміз бойынша 1 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның 18% – заңды тұлға. 70% жеке кәсіпкерлер болса, қалған 12% – шаруа қожалықтары мен фермерлер.
Сондай-ақ Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оған сәйкес енді медициналық мекемелерде азаматтарды қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Ал бекітілген жарна мөлшері келесідей:
Жұмыс берушілер жалақының 2%, жұмысшылар өз айлығының 1% төлейді. Ерікті азаматтар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары ең төменгі жалақы мөлшерінің 5% аударады. Жеңілдікке ие 15 санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейді.
1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Бұл – мас күйінде көлік тізгіндеп жол-көлік ережесін бұзғандарға тағайындалатын жаза. Өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру да қарастырылған. Ол бекер емес. Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталады. Олардың салдарынан 1000-нан астам адам жарақат алып, бірқатары қаза тапты. Сондықтан қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіліп, 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Авторы: Ердәулет Байдуллаев