Алматыда Жастар жылы қорытындыланды
Бұл жетістік әлі де жалғасын табады. Көздерінде от ойнаған жастардың алға қойған мақсаты айқын, талабы зор. «Қазір білім мен оқуға ден қойып, уақытын тиімді пайдаланған адам ғана білікті маман, қоғамды алға бастайтын азамат болып қалыптасады», – дейді белсенді жастар.
Алматылық жастар мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлікке ерекше ден қоя бастады. Қазір қаладағы шағын және орта бизнесте жастардың үлесі артып келеді. Биыл «Жас кәсіпкер» жобасы іске қосылды. Сол арқылы жастардың бизнес бастамалары қаржыландырылып, оқу орталықтары, тігін цехтары мен туристік агенттіктер ашылды.
Мәди Ахметов, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:
- 2650 адам осы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқудан өткен. Оның 1700-і 900 млн теңге көлемінде гранттық несиесін алған. Ол – қайтарымсыз грант. Яғни сіз өзіңіздің жобаңызды бастауға 505 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алып, сол арқылы өз кәсібіңізді бастап кетуге мүмкіндік аласыз.
«Алматы жастары» бағдарламасына сәйкес 300-ге жуық жасқа жалдамалы пәтер берілді. Қала әкімдігі алдағы екі жылда бұл санды мыңға жеткізуді көздейді. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны қорғап қастерлейтін «Асыл мұра», жастарды қоғамдық жұмыстарға тартатын еріктілердің «Қамқор» қозғалысы белсенділік танытуда. Олардың өзгелерге үлгі болар бастамалары назардан тыс қалған жоқ. Жыл соңында әр қырынан таныла білген жастар марапатталды.
Ерлан Әлиұлы, жас актер:
- Өнер саласында, кинода, сериалдарда көптеген жетістікке жеттім деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ мен үшін осы жылы алғашқы қадам болды.
2019 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 800-ден астам адам тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта «Жас Отан» жастар қанаты оларды мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесін қарастырмақ. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық кеңеске ұсыныс жасалған. Жастар жылында студентер жатақханасының жетіспеушілігі өткір қозғалды. Қазір Алматыда 39 ЖОО мен колледж-лицейлерді қосқанда 233 мың студент білім алады. Оларға арналған 95 жатақхана бар, бірақ әлі 30 мың орын қажет. Биыл 5 жатақхана салынды. Келесі жылы Президент пәрменіне сәйкес студенттердің шәкіртақысы 25% ұлғайтылады. Жастар жылы қорытындыланғанымен, енді келесі Волонтерлер жылында да жастардың белсенділігі жоғары болады деген сенімдеміз.
Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев