Көпбалалы отбасыларға қазынадан 177,6 млрд теңге бөлінеді
Жаңа жылда жаңа талапқа негізделген жүйе үш бағытқа топтастырылған. Атаулы әлеуметтік көмектің өзі отбасының барлық мүшесі үшін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. Биыл елімізде көпбалалы отбасыларға шамамен 178 млрд теңгеден аса қаражат бөлінеді.
Қазақстанда былтыр 2 млн-нан аса отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл азаматтар жайлы ақпараттар деректер базасында сақталған. Биыл олардың саны өзгеруі мүмкін. Себебі мемлекет аталмыш төлем ережесін әбден пысықтап, оны қолданысқа енгізді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетіндердің көбін АӘК жайы алаңдатады. Аудандық әкімдіктер мен «Жанұя» орталығына барған вице-премьер Бердібек Сапарбаев ақпарат әрбір жанға дұрыс жеткізілуі керектігін қадап тапсырды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Адамдар түсіндіріп айтсын. Қолдарына қағаз берсін. Ол қағаз жеткіліксіз болса, осы жерге шақырту керек.
Атаулы әлеуметтік көмек жаңа жылда жаңаша көрсетіледі. Мемлекет үшін ең тиімдісі – осы.
Бахтияр Ғарифуллин, қалалық Жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары:
- Мысалы, отағасы 100 мың теңге табады. Анасы үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отыр дейік. Енді осы 100 мың теңгені жанұядағы 6 адамға бөлеміз. Осылайша орташа кіріс адам басына 16 мың теңге шығады. Халық атаулы әлеуметтік көмек азайып қалды деп ойлайды ғой. Олай емес. Табысты есептеместен берілетін 10500 теңге бар. Және кепілдендірілген әлеуметтік пакетті де ұмытпау керек.
Бірақ кіріс хақында ата-аналардың өз айтары бар.
Сәуле Әліп, ата-ана:
- 2500 теңге жолақыны алып тастау керек. Көптеген ата-ана пәтер жалдап жүр. Сол пәтерге шақталған шығынды кіріс деп қосады. Менің ойымша, қоспау керек. Мүгедек балаларға берілетін 10500 теңгені де санамаса екен. Ол 10500 теңге қазір ақша емес. Бір дүкенге кіріп-шықсаңыз, балалардың бір рет жейтін тамағына да жетпейді.
Енді атаулы әлеуметтік көмек алам десеңіз, балаңыз үш жастан асқанда жұмыс істеуге міндеттісіз. Жалпы биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін қазынадан 177,6 млрд теңге көзделген. Жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров