Түркістанда экологиялық аймақ үшін шәкіртақыға 20% үстемақы қосылады
Бұрын 21 мың теңге алып келген студенттердің стипендиясы енді 26 мыңға өсті. Оған Түркістанның экологиялық аймаққа жатуына байланысты берілетін 20% үстемақыны қосқанда барлығы 31 500 теңгені құрап отыр. Бұл студенттердің жатын орны мен ас-ауқатына жете ме?
Бекжан Дәуіржан – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-курс студенті. Қаржы мамандығы бойынша білім алады. Болашақ қаржыгер грантта оқиды. Шәкіртақысының көбейгеніне дән риза. Мемлекеттің қамқорлығын сезінген жас бар күш-жігерін елдің болашағына жұмсайтынын айтады.
Бекжан Дәуіржан, студент:
- Бұл студенттер үшін өте үлкен қаржы деп есептеймін. Мен қаржы мамандығын оқу арқылы келешекте осы саланың Қазақстанда өсіп-өркендеуіне, елімізді дамытуға жастардың атынан уәде беремін.
Ал Ұлбосын Байманова – педагогика және психология мамандығының докторанты. Қазіргі таңда ағылшын тілі пәні мұғалімдерін даярлау бағытында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жас ғалым шәкіртақының өскені ғылымға ден қойған жастарды қамшылай түседі деп есептейді.
Ұлбосын Байманова, докторант:
- Президенттің қолдауы бізге көп көмегін тигізіп жатыр. Бұған дейінгі біздің шәкіртақымыз 98 мың теңге болса, қазіргі таңда 120 мың теңге аламыз.
Бүгінгі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 10 мыңнан аса жас білім алып жатыр. Оның 6 мыңы грантта оқиды. Оқу орнының проректоры Өмірбек Үмбетов: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың студенттердің шәкіртақысын 25% өсіруі білім қуған жастарға күш-жігер сыйлады», – дейді.
Өмірбек Үмбетов, техника ғылымдарының докторы:
- Біріншіден, бұл – балалар үшін үлкен қаржы. Жақсы тамақтануына, киінуіне, жатақхана төлеуіне көп көмек болады. Ата-анасынан күнде сұрап отырғаннан шәкіртақы алғаны өте жақсы. Қазір ғылымға бөлінетін қаржы 10 есеге көбейеді деген жоспар бар. Магистранттар мен докторанттардың ғылыммен айналысуына өте жақсы жағдай жасалып жатыр.
Бұған дейін 21 мың теңге алып келген студенттердің шәкіртақысы енді 26 мың теңгеге көбейді. Оған Түркістанның экологиялық аймаққа жатуына байланысты берілетін 20% үстемақысын қоссақ, жалпы студенттердің алатын шәкіртақысы 31 500 теңгені құрайды. Белсенді жастар шәкіртақының өсуі материалдық жағдайды жақсартуымен қатар, студенттердің білім алуға деген құлшынысын арттыратынын айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы