Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы жіті бақылауда
Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы аптасында қарақұмық, жұмыртқа өсті. Дәл осылай май, ірімшік, пияз, картоп және сәбіздің де бағасы өзгергені белгілі болды. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл факторлар елдегі инфляцияға тікелей әсер етеді. Мысалы, өткен жылы ет пен нан өнімдері айтарлықтай қымбаттап, теңгенің құнына өз ықпалын тигізген еді. Бірақ Ұлттық банк биылғы инфляция белгіленген 4-6% аралығында сақталатынын алға тартады.
Азық-түлік бағасы қымбаттады:
құрақұмық – 1%
жұмыртқа – 0,7%
ірімшік – 0,6%
май – 0,5%
пияз – 0,5%
картоп – 0,4%
сәбіз – 0,4%
Мамандар мұны сұраныстың артуымен байланыстырады.
Бағасы қымбаттаған азық-түліктердің қатарында қарақұмық, жұмыртқа, макарон мен сүзбе, сары май, пияз, сондай-ақ картоп пен сәбіз өнімдері бар. Әсіресе қарақұмықтың бағасы 1% өскен. «Шарықтап кетпесе де, күнделікті тұтынатын азық-түліктің қымбаттауы қалтаға әжептеуір салмақ», – дейді тұрғындар.
Қуаныш, қала тұрғыны:
- Зейнетақы өскенімен, баға да бірге өсіп жатыр. Зейнетақының өскені дұрыс. Бірақ енді бағалардың өскені қарапайым халыққа қиын қиындау.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы жіті бақылауда», – дейді қала әкімдігінің мамандары. Бағаларды тұрақты ұстап тұру мақсатында алдын ала 12 мың тонна көкөніс сатып алынған. Бұл өнімдер жексенбілік жәрмеңкелерде арзандатылған бағамен сатылуда.
Қарлығаш Әбдіжаппарова, Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Жүргізілген зерттеулерге қарағанда биыл бағаның өсуіне көкөністер мен дәнді дақылдардың аз жиналуы себеп болып отыр. Жаздың өте ыстық болғаны жиын-терінге әсер етті. Оның үстіне алдын ала сатып алынған көкөністердің қоры да азайып келеді.
Дегенмен, жергілікті биліктің айтуынша, қаланың тұрақтандыру қорында жеткілікті мөлшерде қарақұмық, өсімдік майы бар. Нарық бағасы белгіленген деңгейден асып кеткен жағдайда қордағы азық-түлік саудаға шығарылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, Радик Жакупов