В.Путин Үкімет басшылығына М.Мишустинді ұсынды
Санаулы минут бұрын аяқталған жиында бұл шешімді 383 депутат қолдады. Қарсы болғандар жоқ. 41-і қалыс қалған. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиынға арнаған жолдауында Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Іле-шала Үкімет отставкаға кеткен еді.
Ресей Президенті өз жолдауында конституцияны реформалауға бағытталған бірқатар шара туралы жариялады. Атап айтқанда, премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің кандидатурасын бекіту жөніндегі өкілеттілікті президенттен Мемлекеттік думаға беруді ұсынды. Сонымен қатар Владимир Путин: «Қос азаматтығы бар адамның президенттік сайлауға түсуіне тыйым салу керек», – деді. Бұл шарт өзге лауазымды тұлғалар мен соттарға да қатысты болмақ.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Қазір ұсынылып отырған бастамалар саяси жүйеге атқарушы, заң шығарушы, сот билігін өзгертуге қатысты. Сондықтан бұл конституциялық өзгертулер бойынша халық дауыс беруі тиіс.
Ресей президентінің Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысынан кейін премьер-министр Дмитрий Медведев Үкіметтің тарайтынын мәлімдеді. Путин Медведев Үкіметіне жаңа кабинет жасақталғанша қызметін жалғастыра беруді тапсырды. Ол – министрлер кабинетін ең ұзақ басқарған саясаткер. Премьер-министр лауазымында 7 жыл 8 ай қызмет еткен. Жалпы Ресей тарихында Үкімет басшысының өз еркімен отставкаға кетуі екінші рет болып отыр.
Дмитрий Медведев, Ресей Үкіметі төрағасының міндетін атқарушы:
- Біз Ресей Федерациясының Үкіметі ретінде еліміздің Президентіне барлық қажетті шараны қолға алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Осы себепті қазіргі жағдайда Үкімет мүшелері толықтай босатылуы дұрыс деп ойлаймын.
Бірер сағаттан кейін Владимир Путин премьер-министр лауазымына жаңа үміткерді ұсынды. Осылайша Михаил Мишустиннің кандидатурасы Мемлекеттік Думаның қарауына жіберілді. 53 жастағы Михаил Мишустин 2010 жылдан бері Ресейдің салық қызметін басқарып келді. Бизнес пен мемлекеттік құрылым арасында бірнеше рет қызмет ауыстырған. Федералды салық қызметінің жетекшісі ретінде бірқатар жаңашылдық енгізіп, жүйені жетілдірген. Сарапшылардың айтуынша, осы 10 жылда Ресей салық қызметі ең озық әрі техникалық жағынан жақсы жабдықталған елдер қатарына енді.
Д.Медведевтің мәлімдемесінен кейін рубль құны күрт төмендеді. Бірақ кейін ресейлік валютаның бағамы қайта көтеріле бастады. Ақпарат құралдары: «Бұл – ауыс-түйіс пен саяси өзгерістегі соңғы 20 жылдағы ең елеулі оқиға», – деп отыр. Ал сарапшылар: «Владимир Путиннің жаңа реформалары мемлекетік құрылымның өзгеретіндігін көрсетті», – дейді.
Авторлары: Меруерт Жақан, Дана Нұржан