Аймақтағы волонтерлар «2020 жылға 2020 қайырымды іс» атты челлендж бастады
Аймақтағы волонтерлар «2020 жылға 2020 қайырымды іс» атты челлендж бастады. Әр ауылдың тұрғындары қандай да бір қоғамдық жұмысты қолға алып, оны әлеуметтік желі арқылы келесі елді мекенге жолдайды. Осылайша талапты жастар жыл соңына дейін талай шаруаны тындыруды жоспарлап отыр.
Президент жарлығымен биыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Бұл бастамаға Қарқаралы жастары алғашқылардың бірі болып үн қосты. Айта кету керек, аудандағы бұл волонтерлар орталығы еліміз бойынша ең үздік үштіктің құрамына енген.
Дәурен Рахымбек – Қарқаралыдағы агротехникалық колледждің студенті. Ол оқуға өзге өңірден келсе де, аудан жастарының басын біріктіріп, волонтерлар орталығын құрған. Тіпті 20 ауылда бөлімшелерін де ашып үлгеріпті. Қазір волонтерлер саны 500-ге таяған.
Дәурен Рахымбек, волонтерлар желісінің төрағасы:
- «20 селолық округтің барлығы белсенді» деп айта алмаймыз. Дегенмен де 10-нан астамы қазіргі таңда белсенділік танытып, «2020 жылға 2020 игі іс-шара» деген эстафета жолдады. Ол эстафета барысында еріктілер өз көшелерінің қарларын күрейді немесе бір жақсылық іс-шарасын жасайды. Соны біз әлеуметтік желідегі парақшаға салып, бір-бірімізге жолдап, керемет шара ұйымдастырып жатырмыз.
Волонтерлар аудандағы 100-ге жуық соғыс және тыл ардагеріне барынша көмектеседі. Үй шаруасын тындырып, дүкеннен немесе дәріханадан керек-жарағын жеткізіп береді. Ал жуырда науқас баланың еміне ақша жинауға көмектескен. Сондай-ақ түрлі экологиялық жобаларды да жүзеге асырыпты.
Хасен Мырзаханов, тыл ардагері:
- Көңілім толады. Жиі келіп тұрады. Еңбектерін аяп жатқан жоқ. Көмірімізді кіргізіп, ағашымызды жарып береді. Бізге негізгі керегі осы ғой. Енді бүгін келіп қар күреп жатыр. Біздің мына қарды күреуге шамамыз келмейді.
Асқар Қуаныш, волонтер:
- Тек біздің тарапымыздан көмек емес, ол кісілерден біз де көптеген көмек алып жатырмыз. Себебі біз олармен әңгімелесеміз. Ол кісілер өздерінің қанша жастан, қайда жұмыс жасағанын айтып, біз соны өз қатарымыздағы еріктілерге, жастарға үлгі ретінде айтып отырамыз.
Дәурен табанды еңбегінің арқасында жуырда еліміздің «Ең үздік волонтер» атанды. Ал ол басқарып отырған орталық үздік үштікке енген. Айта кету керек, волонтерлық орталық мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Сондықтан облыс әкімінің қайтарымсыз грантын жеңіп алған жастар таяуда Қарқаралыдан шағын дәмхана ашқан. Олар: «Тапқан табыстың барлығын волонтерлық орталықтың жұмысын жетілдіруге жұмсаймыз», – дейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин