Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды
Бұл туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқеав Павлодар облысының әкімі қызметіне Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақовты тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Павлодар облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі лауазымына ұсынған Әбілқайыр Сқақовтың кандидатурасы бірауыздан келісілді. Павлодар облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Премьер-Министр оның өңірлік және республикалық деңгейдегі жұмыс тәжірибесін атап өтті. «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің индустриялық орталықтарының бірі Павлодар облысының дамуына ерекше мән береді. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті үлкен, мұнда тау-кен металлургиясы кешені, металлургия және машина жасау саласы дамыған», — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімдігінің алдында тұрған міндеттерді атап өтті. Олар: экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, өмір сүру сапасын арттыру және халықтың табысын жақсарту.