Жаркент қаласында мектепті жылытуға отын жетпейді
Рехимям Масимованың екі баласы Н.Крупская атындағы мектепте оқиды. Оның айтуынша, білім ошағының суықтығынан қызы мен ұлы сырқаттанып қалған.
Рехимям Масимова, Жаркент қаласының тұрғыны:
- Екі балам ыстығы көтеріліп ауырды. Он күн демалыстың жеті күнінде ауырды.
Білім ордасы 1980 жылы салынып, 18 жыл бойы көмірмен жылытылған. Содан кейін сұйық отынға көшіпті. Бар мәселе осы кезден басталған.
Ахмед Исаков, Жаркент қаласының тұрғыны:
- Бұрын көмірмен жылытатын еді. Қазір жаңа пеш бекітті.
Мектеп 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Сол кезде пеші ауыстырылғанымен, жылу жүйесі жаңартылмапты. Мекемедегі температуралық режимінің төмендеуіне үнемшілдік те себеп болған. Өйткені бөлінген сұйық отын қоры жылыту маусымына жетпейді.
Зинатбүбі Ниязова, мектеп директоры:
- Мектептің көлемі – 5300 шаршы метр. Мекемеге 53192 литр бөлінген. Әрине, бөлінген жағармай 24 сағатқа жетпейді.
Тұрар Қастеев, аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Аудан басшысымен бірлесіп, әртүрлі мәселелерді қабылдап жатырмыз. Қосымша қаражат қабылдап, газ тарту мәселесін қарастырудамыз.
Қазір мектеп іші жылытылып, жағдай тұрақталды. Дегенмен қабырғалардан суық өтіп кеткендіктен, бұрыштар көгере бастаған. Жауаптылар: «Алдағы бірер айдың ішінде мәселе толықтай шешіледі», – деп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов