Президенттің кадрлық резервіне өткен Талант Омарбеков волонтерлікті де қолға алмақ
Иә, тың көзқарас пен идеялары да бар. Мемлекеттік қызметші заман ағынына сай болып, өз жұмысында қазіргі заманауи технологияларды пайдалана білген жөн.
Талант Омарбеков – 3 баланың әкесі, спортшы, жас басқарушы. Ол – «Мемлекеттік сараптама» РМК бас директорының орынбасары, Президенттік кадрлық резервке өткен 300 жас қазақстандықтың бірі.
Талант Омарбеков, «Мемлекеттік сараптама» РМК бас директорының орынбасары:
- Мысалы бір хат жазсақ, ол хатқа норматив бойынша соңғы мерзімі келген кезде ғана жауап береді. Менің ойымша, сондай жұмыстардың бәрін қысқартуға болады. Әрине, ең бастысы, халыққа сенімді арттырып, халыққа жақын болу керек.
Биыл Талант Омарбеков Президенттік кадрлық резервке өткен бір топ жастармен волонтерлік істі де қолға алмақ ниетте. Нақтырақ айтқанда, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған жері Семейге барып, жастармен арнайы кездесу өткізбек. Һакім Абай айтқандай олардың да «бір кірпіш дүниеге кетігін табуына» көмектеспек ойда.
Талант Омарбеков, «Мемлекеттік сараптама» РМК бас директорының орынбасары:
- Мектептерді аралап, жастарға болашақта мамандық таңдау мәселесі бойынша кеңес беріп, олармен осындай жұмыс атқару ойымызда бар. Қазақстанның әр жерін аралап, өзіміздің ойымызды жеткізгіміз келеді. Өйткені 300 адамның бәрі – өзін-өзі жасағандар.
Отбасының тірегі болғандардың тағы бірі – Ұлыбек Қиманов. Президенттік жастар кадр резервіне өткен ол келешекте мемлекеттің де тұтқаұстар тірегі болмақ. Бастысы әр қызметте де отбасыны бірінші орынға қою керектігін айтады. Өйткені, Отан отбасынан басталады.
Ұлыбек Қиманов, бизнес-орталықтың басқарушысы:
- Менің ойымша, қазіргі мемлекеттік қызметшілердің бос уақыты жоқ. Өйткені олар әрдайым жұмысбасты. Әрқашан бір бастамаларды жүзеге асырумен қолдары тимейді. Осындай қарбаласта жұмыс пен отбасының арасында бір балансты таба білу өте маңызды. Егер мені бір басқарушы қызметке тағайындаса, өз қызметкерлерімнің отбасыларына көп көңіл бөлгендерін қадағалайтын боламын.
Заман ағымына сай мемлекеттік қызметкерлер де шыңдала түсулері керек. Өйткені: «Бәсекелестіктен қалыс қалуға болмайды», – дейді жастар.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Сұлтанғазы