Б.Сапарбаев емдеу орталығындағы қолөнерді игерген емделушілермен танысты
Мамандар онда келген адамдарды ауруынан айықтырумен қатар тігіншілік, ұсталық және қолөнерге баулиды.
Мұнда жыл сайын 500-ге жуық адам оңалтудан өтеді. Соның ішінде үйренемін деген жандар үшін қосымша мамандықты игеру мүмкіндігі бар.
Елімізде баламасы жоқ орталықтың қызметімен Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев танысып шықты. Вице-премьер сондай-ақ бас қаладағы әлеуметтік көмек көрсетудің барысын көрді.
Елордадағы Психикалық денсаулық медицина орталығы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыс жасап жүр. Бердібек Сапарбаев осында емделуге келіп қолөнер ұсталық пен тігіншілікті игерген жандармен танысты. Мекеме осы әдіспен соңғы 4 жылда 69 адамды жұмыспен қамтыған.
Ербол Нұрқатов, Психикалық денсаулық медицина орталығының директоры:
- Бізде жыл сайын 500-ге жуық адам оңалтудан өтеді. Солардың ниет танытқан белгілі бөлігі қосымша мамандықты игере алады. Осылайша әрі емдейміз, әрі кәсіпке баулимыз.
Келесі орталық ІТ мамандарды дайындайды. Жетекшісі – 19 жастағы Амир Сүлейменов. Арбаға таңылған ол өзін жұмыспен қамтып қоймай, мүмкіндігі шектеулі өзгелерге де қол ұшын беруде. Былтырдың өзінде 200 шәкірт дайындапты.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Онлайн оқыту курсын ашқандарыңыз – қазіргі заман талабы. Осылайша тек Нұр-Сұлтан қаласын ғана емес, басқа да қалалардың тұрғындары білім алуда. Олардың 80% жұмысқа орналасыпты. Отандастарымызға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз өте керемет! Осындай курстар көп болған сайын, мүмкіндік те кеңейеді.
Елорда да АӘК алатын отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ақпан айында беріле бастайды. Бас қалада ондай 4200 шаңырақ бар.
Бақтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:
- Жоба ақпан айынан басталады. Ал наурызда арнайы карталар жасаймыз. Штрих-код бойынша база болады. Қалада біз келісім жасаған сауда мекемесінің 15 орталығы бар. Берілген нұсқауларға сәйкес сонда барып, карта арқылы әлеуметтік пакетті аласыз.
Айта кетейік, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің өз иесіне жетуін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бақылайды. Ескере жүріңіз: ай сайын азық-түлік, 3 айда бір рет тазалық құралдары беріледі. Осы мақсат пен атаулы әлеуметтік көмек үшін бас қалада 2 млрд теңге қаражат қастырылған.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков