Ақтауда мектеп лицензиясы 6 айға тоқтатылды
Ұлттық бірыңғай тестілеу алдында балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар прокуратураға арызданады. Жоспардан тыс тексеріс жүргізген облыстық Білім саласының сапасын қамтамасыз ету департаменті арызда көрсетілген деректердің растығын анықтады. Физика пәнінің мұғалімі болмағандықтан, оқушылар бұл сабақты өтпепті. Сәйкесінше Әкімшілік кодекстің 409-бабымен іс қозғалып, білім ошағына айыппұл салынды. Сонымен қатар мектеп лицензиясы 6 айға дейін тоқтатылды. «Бұл мектеп жабылды, жұмысын тоқтатты деген сөз емес, оқу процесі жалғасып жатыр», – деді департамент басшысы.
Есболат Өмірзақов, Білім саласының сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
- Мектеп әкімшілігі жұмыс жүргізіп, сол кемшілікті жөндегеннен кейін лицензияның күші қалпына келтіріледі. Қазір мектептен хат келді. Физика пәнінің мұғалімі жұмысқа алынып, қазір сабақтар жүріп жатырғандығын, өтілмеген сабақтардың қосымша кестеге қойылып өтіп жатқандығын айтып отыр. Сондықтан бұл жерде ата-аналардың да алаңдаушылық білдіруінің қажеті жоқ. Мектеп өзінің жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.