Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілмек
Отырарда туып, Бағдатта білім алып, Шам қаласында сүбелі еңбектерін жазған әл-Фараби ғылымның көп саласында жаңалық ашты. Ғалымның «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыка туралы үлкен кітап», «Кемеңгерлік меруерті», «Азаматтық саясат» атты еңбектері бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Бізге 100-ден аса еңбегі жеткен. Олар иврит, латын, араб тілдерінде сақталған.
Ғалия Құрманғалиева, философия ғылымдарының докторы:
- Ол саяси, философиялық ғылымдарды, соның ішінде дін ғылымын зерттеді. Оның әл-Фараби атануының сыры да осында. Оның еңбектері ілімінің кеңдігін аңғартады. Көпшілігі энциклопедиялық бағытта жазылған. Адамның әлемге, қоғамға, өзін-өзі дамытуға деген негізгі көзқарасын көрсетеді.
Әл-Фараби көне грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме жазып, оны қазіргі оқырманмен қауыштырды. «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған ойшылдың тұщымды тұжырымдары қанатты сөзге айналған. «Мәселен, «Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ғылымға қолы жетпейді» деген ескертуінде терең ой жатыр», – дейді зерттеушілер.
Ғалия Құрманғалиева, философия ғылымдарының докторы:
- Аристотельден кейінгі ойшылдың философия саласында ғана емес, сонымен бірге математика, музыка, медицина және тағы басқа көптеген салада іргелі білімі болған. Әл-Фараби мұрасын зерттеу елімізде жылдан жылға жалғасуда.
ҚазҰУ-да әл-Фараби орталығы 1993 жылы ашылған. Кейіннен Мысыр, Түркия, Үндістан сияқты әлемнің 12 елінде ойшылдың терең ілімін зерттеу орталықтары жұмысын бастады. Фарабитануға жаңа серпін берген орталықта биыл бірнеше халықаралық жоба өткізу жоспарланған. Ойшылдың еңбектері жинақталған электронды платформа ақпанда іске қосылады.
Бекжан Мейірбаев, әл-Фараби орталығының директоры:
- Ол үш тілде жұмыс істейді. Әл-Фарабидің ойлары, идеялары біздің заманымызда да өзектілігін жоғалтпаған, өткір әлеуметтік саяси мәселелерді шешуге өзіндік серпін беріп отыр. Сондықтан бұл жерде әлеуметтік гуманитарлық жаратылыстану ғылымдарының мәселелері де қарастырылады деп ойлаймыз.
Бұл сайт «онлайн колледж» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Онда халықаралық фарабитанушылар өз жобаларын жариялап, талқылай алады. Сондай-ақ сайт арқылы ойшылдың мұралары бойынша онлайн курстардан өтуге болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев