Н.Назарбаев: Қазақстанның негізгі ұстанымы – бейбітшілік пен келісімді сақтау
Жиында Қордайдағы өткен жұмада болған қақтығыс пен коронавирусқа қарсы тұру шаралары талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайларға бейжай қарамайтынын айтты. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Қазіргі күні көпұлтты Қазақстанның негізгі ұстанымы – бейбітшілік пен келісімді сақтау. «Өйткені сырт елдерден тартылатын инвестиция да, экономиканың дамуы да, ең алдымен, біздегі ұлтаралық татулыққа тікелей байланысты», – деді Елбасы. Отырыста аталған мәселе бойынша Жамбылдың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев есеп берді. Кеңес төрағасы оларға өңірдегі инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге қатысты тапсырма жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Шынымды айтсам, қынжылтқан жағдай болды. 30 жылда қандай қиындықтан өттік?! 90 жылдары туылған балалар кезінде не болғанын білмейді. 130 кәсіпорын тоқтап қалды. 2,5 млн адам жұмыссыз қалды. Сондай қиындықтан өттік емес пе? Оңай болған жоқ. Егер соны басып, көпұлтты халықты тыныштыққа шақырмасақ, ешкім инвестиция әкелмес еді, экономика дамымайтын еді. Бүгінгі жағдай болмас еді. Биліктің алдында тұрған міндеті бар. Бірақ бұл – халықтың міндеті. Құқық қорғаушылардың жіберген қателіктері бар. Ассамблея бәрін біліп отыру керек еді. Менің мақсатым: жас ұрпақ мақтан тұтатындай дәрежеге жеткізу керек.