Тобыл өңірінде волонтер жастардың белсенділігі арта түсті
Ауыр дертке шалдыққан 5 жасар Катяның «ханшайымша киініп, пәуескеге мінсем» деген арманы болатын. Ерікті жастардың тағы бір тобы қараусыз қалған жануарларды қорғауды қолға алған.
Кішкентай Катя қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Ауыр дертке душар болған сәби кітап бетіндегі ханшайым суретін көрсетіп: «Мен осындай болсам», – деп армандайды екен. Волонтерлер бала қиялын шындыққа айналдырды.
Абылайхан Кәкенов, «Бірге армандаймыз» жобасының жетекшісі:
- Осы бір шараны ұйымдастырғаннан кейін, олардың көңілі де көтеріліп, осындай жағдайды көрген кезде өзіміз де риза боламыз.
Айта кетелік, Қазақстан бойынша қолға алынған «Бірге армандаймыз» жобасының мақсаты – ауыр дерт дендеген адамдарды қаржылай емес, моральді, рухани жағынан қолдау. Бір жылдың ішінде еліміздің әр түкпіріндегі алты адамның арманы орындалған.
Ал қостанайлық волонтер Людмила Берестованы көпшілік «қараусыз қалған ит-мысықтардың қорғаушысы» деп біледі. Бірнеше жылдан бері иесіз жануарларды көшеден жинап, әр жерге орналастырып әлек. «Енді соларды бағып, күтетін арнайы орын ашу керек» деген қалалық басшылыққа талап қойып отыр. Қазір қол жинап, петиция дайындап жатыр.
Людмила Берестова, волонтер:
- Бұл жобаны жүзеге асырудың еш қиындығы жоқ. Тек волонтерлер ғана емес, қаржылай көмек көрсетуге дайын жанашырлар да көп. Бізге ғимарат пен жер берсе, сосын ветеринарлық препараттармен көмектессе болғаны, азығын, күтуін өз мойнымызға аламыз.
Соңғы жылда облыста волонтерлер қатары екі есеге өскен. Бұл іске мемлекеттік қолдаудың да септігі бар.
Жұпар Қожахмет, Жастар ресурстар орталығының бөлім басшысы:
- Биылдан бастап бізде хаб жұмыс істеп жатыр. Сол сайтқа тіркелген еріктілер бір балдық есептік көрсеткіштері бойынша бірінші стипендияларын алып жатыр. Сондықтан еріктілерге қаншалықты көп қолдау көрсетілген сайын, соншалықты жастардың қызығушылығы артады.
Қостанайлық волонтерлер болашақта тарихи орындар мен киелі жерлерді қорғауға да белсенді түрде атсалыспақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг