Елордаға жеткізілетін азық-түлік көлемі артты

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өңірдің өнім өндірушілері былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда ет пен сүт өнімдерін 2%-ке жуық, ал жұмыртқаны 3%-ке артық саудалаған. Мұны мамандар елордалықтардың сұранысының артуымен байланыстырады. Себебі төтенше жағдай басталғанда халық жаппай азық-түлік сатып алғаны бар.
Сұраныс артқан соң кәсіпорындар да өнімдерін әдеттегіден көбірек өндіруге көшкен. Мәселен, өсімдік майы 36%-ке, ет 32%-ке, ал, ұн өндірісі 22%-ке артқан.
Хасым Итқұсов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Елімізде төтенше жағдай енгізілгеніне қарамастан, біздің өндірушілер өз өнімдерін елордаға емін-еркін жеткізіп отыр. Мәселен, елордадағы сауда сөрелеріне күніне 80 тоннаға жуық ет және ет өнімдері, 200 тонна сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ 700 мың дана жұмыртқа жеткізіледі. Тіпті қазір құс фабрикаларының барлығы дерлік тек Нұр-Сұлтан қаласын қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатыр деуге болады.