Осы күнге дейін ол 1 мың 250 шақырымдық жолды еңсерген. Саяхатшы күнделікті тірлігімен әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Ришат Шайхитдинов Павлодардан Алматыға екі апта бұрын аттанды. Алдымен логбордпен жүру техникасын меңгеріп, кейін жолға шықты. Аздаған азық-түлік, киім-кешек пен лонборд. Ришатқа жолда ең керегі – осы заттар. Бүгінде саяхатшы күніне 100 шақырымдық қашықтықты еңсеріп келеді. Ауа райы қолайлы, ал жол жақсы болса болғаны.
Ришат Шайхитдинов, саяхатшы:
- Саяхат барысында мейрімді жандарды кездестірдім. Барлығы қолпаштап, қолдау көрсетеді. Көлік тізгіндегендері көмектерін ұсынып жатады. Алғысым шексіз. Олар осы әрекеттерімен мені ынталандырады.
Бұл – Ришаттың алғашқы сапары емес. Бұған дейін турист ретінде Қазақстан және Ресейдің көрікті жерлерінде болды. Сонымен қатар Армения, Грузия. Түркия, Моңғолия мен Оңтүстік Кореяға саяхат жасап, аталған елдердің мәдениетімен танысқан.
- Саяхаттау кезінде жаңа адамдармен танысуды ұнатамын. Түрлі халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы мол мағлұмат білемін. Сонымен қатар денем шынығады. Осылайша, рухани және спорттық жағынан дами түсемін.
Ришаттың негізгі мамандығы – геоэколог. Алыс сапарлар мен қызықты саяхаттарға құштарлығы сондықтан. Алдағы уақытта роликті тақтайшамен еліміздің өзге де қалаларын араламақ.
Авторы: Ақмарал Есімханова