Қуаңшылықты айтпағанда ауыл шаруашылығын қолдау шаралары ақсап тұр. Әсіресе субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Президент «бұл сұрақ қысқа мерзім ішінде реттелсін», – деді. Былтыр астық көлемі әдеттегіден 4 млн тоннаға кем жиналды. Құрғақшылықтың әсері тағы бар. Сол себепті төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету қиындады. Әсіресе Қызылорда мен Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. Жалпы алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі міндет. Ол үшін шаруаларды тұқыммен, тыңайтқышпен қамтамасыз етуде сұрақ туындамауы тиіс.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ауылшаруашылық саласын Үкімет нақты драйверге айналдыруы тиіс. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің рөлін көтеруіміз, сұраған сұраныстарын қамтамасыз етуіміз қажет.