Абай облысының Бородулиха ауданындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге ұлт зиялыларының есімі беріледі. Мәселен, биыл Дмитриевка ауылындағы Ленин көшесін Абай, Киров көшесін Жібек жолы деп атау жоспарланып отыр. Өңірде былтыр 9 көшенің атауы өзгерген. Алайда ауданда атынан мән кеткен ауылдар әлі де аз емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың түпкі тарихи атауы бар. Мысалы, Новопокровка — Жұра, Камышенка — Қамысты, Бородулиха — Үлкен көл, Ивановка — Маралбай, Орловка — Қыранды деп аталған.
Әбілсерік Әлиәкбар, ауыл тұрғыны:-Абай облысы жеке өңір болып жатыр. Соның ішінде өзге ұлт өкілі басым жердің бірі — Бородулиха. Бұрын мүмкіндік болмады. Енді барлық ауылдар бұрынғы тарихи атауын алса деп ойлаймыз.
Нұргүл Жақсылықова, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:-2019 жылы Ақши, Жарбұлақ, Құнарлы, Қарағайлы, Жақсылық деген атаулар берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Тұрғындардан ұсыныс түссе, өздері жиналыста сондай шешімге келсе, әрине қарастырамыз.