Елімізде алғаш рет ана құрсағындағы ұрыққа операция жасалды
Елімізде алғаш рет ана құрсағындағы ұрыққа операция жасалды. Бірегей операция Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында ресейлік мамандардың қатысуымен істелді. Аз инвазивті ем-шаралар ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік береді. Эндоскопиялық операция қауіпсіз саналады. Қазіргі уақытта көпұрықтық жүктіліктің асқынуы, ұрық айналасындағы судың аз болуы және бүйрек гидронифрозы бойынша үш жүкті әйелдің құрсағындағы ұрыққа операция жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы қазір жақсы. Айта кетейік, жоғары технологиялық операцияға дайындық екі жыл бойы жүргізілген. Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен іске асырылды.
Мәдина Бижанова, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары:
- Өкінішке қарай, Қазақстанда жүз мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар, жыл сайын алты мыңға көбейеді. Сондықтан мүгедектікке әкелетін патологияларды бала өмірге келгенге дейін құрсақта емдеу өте маңызды. Жоғары технологиялы операция сәбилердің туа бітті ауруларын азайтуға мүмкіндік береді. Біздің орталықта жылына осындай 150 операция жасау жоспарланып отыр.