Каспий итбалықтарының қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала қорытындысы жарияланды.
Гидробиология және экология институтының қызметкері Әсел Баймұқанова әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жағдайға эпидемия себеп болмағанын айтады. «Олардың өліміне - жер сілкінісі, табиғи газ шығуы, теңіз аймақтарының ластануы әсер етуі мүмкін. Егер эпидемия болса, итбалықтар жаппай бір жерде қырылатын еді», - дейді эколог.
Еске салсақ, 27-30 қазан аралығында Баутино жағажайынан 300-ден астам итбалықтың өлексесі табылды. 5 қарашада тағы 121 теңіз жануары өлген. Бірлескен жұмыс тобы аналық итбалықтардың буаз екенін анықтаған. Теңіз сүтқоректілерінің ағзасы мен азу тістерінен алынған сынама қорытындысы әлі шыққан жоқ.