Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайында жаңа терминал іске қосылды. Халықаралық талаптарға сай салынған нысанның ашылу рәсіміне өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысты. Премьер-министр халықты инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтап, жаңа терминалдың жұмысымен танысты. Аумағы 7 мың 500 шаршы метр ғимаратта телескопиялық трап, лифт және эскалатор бар. Жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге дейін артып, жүк айналымын ұлғайтады. «Әрі аймақ экономикасы мен туризм саласын дамытуға серпін береді»,– деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қазіргі таңда Президентіміздің бастамасымен отандық бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік үлгісі бойынша аймақтарда ірі нысандардың құрылысына атсалысуда. Бұл жоба да осындай мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында іске асырылып отыр. Жаңа терминал Қызылорда облысының дамуына тың серпін береді деп сенемін.
Баян Әжмолдаев, «Қорқыт ата» әуежайы АҚ Басқарма төрағасы:
-Қызылорда әуежайынан аптасына 26 рет рейс орындалады. Жаңа терминал бүгіннен бастап іске қосылады. Сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсететін боламыз. Бұл дегеніміз жылына 2 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсететін мүмкіндігіміз бар.